Елімізде ет бағасы тағы қымбаттауы мүмкін

Елде ет бағасы тағы қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған бірқатар фактор әсер етеді. Ауылдарда мал азығы тапшы. Шаруалардың шығыны шаш етектен. Бір ғана жанар-жағармай бағасы шарықтап кеткен. Еңбеккерлердің жалақысын өсіру де уақыт талабы. Мұның барлығы түптеп келгенде тұтынушы қалтасын қағады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаға бақылау орната алмай отыр. Неге?

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қазақ ежелден мал баққан ел. Төрт-түлігін төлдетіп отырған ауыл-аймақ көп. Жауапты ведомство ұсынған мәлімет бойынша елде 8 млн ірі қара, 2 млн жылқы және 20 млн қой бар. Статистика жыл сайын 7%-ке өсіп отырады. Мал көбейіп келеді дегенімізбен, базардағы баға ырыққа көнбей тұр. Әсіресе, ет бағасы шарықтап кеткен. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бақылау жоқ.

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:

- Енді ет бағасы тағы қымбаттап кете ме деген қауіп бар. Себебі, биыл шаруалардың шығыны көп. Жанар-жағармай қымбат. Жем-шөп те жетіспейді. Таяуда Маңғыстау облысы мен Қызылорданың екі ауданы қуаңшылыққа тап болды. Министрлік сол жаққа қосымша көмек, яки мал азығын жіберуді жоспарлап отыр.

Ет қана емес, көкөніс пен бақша өнімдері де қымбат. Мәселен, қант бағасы әр дүкенде әр түрлі. Министрдің айтуынша, жағдай бақылауда. Тұтынушының алаңдауына еш негіз жоқ.

Қант – елдегі тапшы өнімдердің бірі. 50%-тен астамын сырттан сатып аламыз. Тауық еті де солай. Біршама бөлігі импортталады. Сондықтан оның да бағасын ырыққа көндіру қиын. Ауыл шаруашылығы министрлігі мәселені биыл шешеміз деп отыр.

Министрліктің есебіне жүгінсек, ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттік қолдаудан кенде емес. Үкімет тарапынан көрсетілген көмек биыл 366 млрд теңгеге жеткен. Оған әр түрлі бағытта берілетін субсидиялар да кіреді. Бірақ сол қаражаттың қайтарымы әзірге аз болып тұр. Оны сөредегі бағадан да байқай беріңіз.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Нұрғали Мамырбаев