Экологтар: Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін

Соңғы 13 жылда теңіздің солтүстік бөлігіндегі су деңгейі 1,5 метрге төмендеп, жағалау 22 мың шаршы метрге қысқарған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желіде бұл жағдай қоғамдық талқыға түсті. Жағалаудың бұрынғы суреттері көпшілікті алаңдатады. Экологтар «Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін» деп дабыл қағып отыр. Көк айдынның суы не себептен тартылып барады?

Айгерім Ашықбаева, тілші:

- Жыл өткен сайын Каспийдің табаны құмға, жиегі қайраңға айналып барады. Жағалауы суалып, тереңдегі тастары шығып жатыр. Әлеуметтік желідегі бұл бейнежазба соны айқындайды. Мұндай көрініске тұрғындар да, теңізшілер де алаңдаулы.

Каспийдің 40 жыл бұрынғы көрінісі Сергей Кулькинге етене таныс. Жарты өмірін теңізде өткізген ол қайық жасап, жарыстарға қатысқан. Әлі күнге дейін сүйікті ісін жалғастырып келеді. 1977 жылдан бастап Каспийдің суы тола бастағанын айтады. Оны мұрағатындағы суреттері де соны дәлелдейді. Сол кездері өзі басқаратын яхт-орталығының жағалауын су басып қалған. Сондықтан бетоннан айлақ жасапты.

Сергей Кулькин, яхт-орталық басшысы:

- Бұрын осы жерде Фетис айлағы болған. Қазір ештеңе жоқ, тек темірлерінің қалдығы көрініп тұр. Су толғанда ескіріп, қирап қалған. Айлақтың үстіне арнайы асфальт салып, адамдар келетін еді. Үстінде тіпті той жасайтын. 2000 жылға дейін су деңгейі көтерілді. Кейін қайтадан түсе бастады. Бұл арнайы маусымдық құбылыс деп ойлаймын. Арасына уақыт салып, суы бірде толып, бірде тартылып отырады.

Теңіз деңгейі 2006 жылдан бастап төмендей бастаған. Осы күнге дейін 1,5 метр түсіп кеткен. Бұл Балтық жүйесі бойынша минус 28,23 метрге жетіп қалды. Соның салдарынан жергілікті кәсіпкерлер зиян шекті.

Андрей Чулаков, кәсіпкер:

- 10 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келемін. Бұрын қайықтардың суға бататын тереңдігін биік етіп жасайтынбыз. Қазір бар болғаны 30 см-ден аспайды. Міне, жақында біреуін құрастырдық. Тапсырыс берушілердің де талабы солай. Бұрынғы қайықтар тұрып қалды. Меніңше, бұл Ресейден келетін өзен ағысының азаюына байланысты болуы мүмкін. Волга мен Оралдан аз келеді. Себебін нақты ешкім білмейді.

Айгерім Ашықбаева, тілші:

- Бір кездері су деңгейі осы белгіге дейін жеткен. 15 жыл бұрын бұл жерге шөгімі 2 метрден асатын кемелер келіп тоқтаған. Ал, қазір бәрі өзгерді. Көріп отырғаныңыздай, жағалаудағы су деңгейі түсіп кеткен. Үлкен кемелер үшін айлаққа кіру қиын. Тек шөгімі 60 см-ден аспайтын шағын қайықтар ғана кіре алады.

Экологтар теңіз деңгейінің минус 28,5 метр белгіге төмендеуі оның экожүйесі үшін қатерлі деп саналады. Бұл жайт Каспий теңізінің әсіресе, қазақстандық секторындағы жағалау белдеуінің өзгеруіне алып келді. Алайда экологтар «айдыны шағалаға, қойнауы қазыналы Каспий Аралдың тағдырын қайталамайды», - деп отыр.

Кирилл Осин, тәуелсіз эколог:

- Еділ өзенінен құйылатын судың азаюы және климаттың жылуы себеп. Күннің жылынуынан құрғақшылық жайлап барады. Сондықтан ауаға будың көтерілуі азайды. Айта кетейік, Каспийге 140 өзен құяды, бастысы, Волга мен Орал. Қазір өзендерінің өзі құрғап қалған. Волга суы да азайып келеді.

Әлішер Өмірзақ, ҚР Экология, геология және табиғат ресурстар министрлігінің өкілі:

- Су деңгейінің тартылуы, жоғарылауы табиғи ресурс. Бұған дейін де солай болған. Мәселен, 1930 жылдары ауытқулардың үлкен көлемі байқалды. 1977 жылға дейін 3 метрге төмендеген. Ал 1978 жылдан бастап көтеріле бастады. Осылайша, 1995 жылы +2,5 метрге теңіз деңгейі көтерілген. Бірақ 2005 жылдан бастап қайтадан төмендеу процесі басталды.

Сондай-ақ ғалымдар: «жақын онжылдықта әлемдегі ең ірі тұщы және тұзды су қорының деңгейі айтарлықтай төмендеуі мүмкін», дейді. Бұл әрине, Каспийге де әсер етеді. Сол кезде теңіздің тартылу қаупі бар. Сондықтан тез арада нақты шаралар қолға алынбаса, экологиялық ахуал қиындай түспек.

Авторы: Айгерім Ашықбаева