Арыс қаласында «Қазақ еліне алғыс» мемориалдық тақтасы орнатылды

Арыс қаласында Қазақстан халқының құрметіне мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жергілікті тұрғындардың қазақ еліне деген ризашылығынан туған. Мұндағы жұрт 2019 жылы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыста қаланы қалпына келтіруде ел бірлігі айқын көрініс тапты деп есептейді. «Қазақ еліне алғыс» тақтасының ашылу салтанатын өңірдегі тілшіміз де көріп қайтты.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қанатты сөз қашалып жазылған мемориалдық тақта теміржол вокзалының маңынан орын тепті. Мүсінші Мүтәліп Күздеубаев пен ақын Мыңжасар Дәрменовтың еңбегі көпшіліктің көңіліндегі елге деген алғысты дөп басқандай. «Салтанатты шараға жиналғандар қиындықта қол ұшын созған ел азаматтарын ешқашан ұмытпаймыз», - дейді.

Гүлжан Құрманбекова, Арыс қаласының әкімі:

- Арыс қаласы өздеріңізге белгілі, тоғыз жолдың торабы жалғасқан жер. Сондықтан барлық елден, барлық шет елдерден де келетін халықтар осы теміржол торабынан өтеді. Сондықтан осы елге қазақ еліне мың алғыс айтқан тақтамызды осы жерден өткен халықтардың бәрі көріп өтсін деп осындай ұсыныспен осы жерді таңдадық.

Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстың болғанына 2 жыл өтті. Жапа шеккендерге көрсетілген көмек көп болды. Баспаналарды қайта тұрғызудағы жұмыла кіріскен іс жеңілдік сыйлады. Небәрі екі айда бірліктің мызғымас үлгісі көрініс тапты. Бұл ескі күндер мұндағы халықтың есінде қалған мәңгі сақталмақ.

Әбілқасым Жарымбетов, Арыс қаласының тұрғыны:

- Сол кезде білдік, Арыс халқы жалғыз емес екенін, елмен бірге екенін. Бұндай жағдай мысалға Отан соғысында да біздің қазақ халқы көрсеткен. Сондай нәубет болған кезде қазақ халқының ынтымағы, бірлігі әр уақытта сақталған. Сол сақталған нәрсені кеше көзімізбен көрдік.

Естеріңізге сала кетейік, Арыс қаласындағы 8 мың үйдің 7 мыңнан астамы жарылыс кезінде жарамсыз болып қалды. Оларға күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа баспана салынды. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына 500-ге жуық компания мен 10 мыңнан астам құрылысшы қатысты. Сонымен қатар 62 мыңнан астам жергілікті тұрғынның әрқайсысына 100 мың теңгеден өтемақы төленді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Раул Ғабитов, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ...