Автонесие арманға айналды

Елімізде биыл жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 20 миллиард теңге қарастырылған.

Бірақ олардың екінші деңгейлі банктерге қашан бөлінетіні әзірге белгісіз. Ал қазақстандықтар 4 процентпен берілетін отандық көліктердің аздығын айтып, шағымданып жатыр. Тіпті, кезекке тұру тәртібінде бармақ басты, көз қысты әрекеттер кездесетін көрінеді

Аят Дүйсембаев – жеңілдетілген автонесиеге қолы жетпей жүрген көп қазақстандықтың бірі. Былтыр да, биыл да көлікті болғандардың тізіміне енбепті. Есесіне кезегіңді жақындатып береміз деп орта жолдан олжалы болуды көздейтіндер өз қызметін жиі ұсынады екен.

Аят Дүйсембаев, қала тұрғыны:

– Былтыр барғанда банкке документ тапсырып едім. Үкіметтен бөлінген ақша бітіп қалды, 4 пайыздық жеңілдікке ақша жоқ деді. Содан былтыр ала алмай қалдым. Машинаны кезек күтпей-ақ алуға көмектесеміз деген адамдар көп жақындады.

Бұл адамдар өз қызметін 200 мың теңгеге бағалапты. Дегенмен олар Аятқа жуық арада көмектесе алмайды. Себебі, 2020 жылға бөлінген қаражат, яғни 20 миллиард теңге толық игерілген. Ал биылға жоспарланған 20 миллиардтың екінші деңгейлі банктерге қашан бөлінетіні белгісіз.

Осы мәселе жөнінде Ұлттық банкке сұрау салдық. Одан кейін отандық көліктерді саудалап жатқан орталықтардың біріне бас сұқтық. Сату бөлімінің маманы «жеңілдетілген автонесие алғысы келетіндер өте көп, ал көлікке қол жеткізу үшін жарты жылдай күту керек», – дейді, –

Ал банк өкілі сатылымдағы көліктердің 4 процентпен берілмейтінін, барлық машинаға 18,5 пайыздан басталатындығын айтады. Сондай-ақ, әзірге жеңілдетілген автонесиеге өтініш қабылданбайтынын да ескертті.

Енді ресми ақпаратқа назар аударыңыз. Мемлекеттік бағдарламаның операторы – Қазақстанның даму банкі келтірген мәліметке сүйенсек, биыл алты айда 1335 көлік төмен процентпен сатылған екен. Ал 2015 жылдан бері 27 мыңнан астам автонесие рәсімделген.

Олжас Шериязданов, ҚДБ Қаржы институттарымен жұмыс істеу жөніндегі дирекцияның менеджері:

– 2015-тен 2020 жылға дейін бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктерге 82 миллиард теңге берілді. Қазіргі таңда жеке тұлғаларға 142 миллиард теңге бөлінген. Жеке тұлғалардан, екінші деңгейлі банктерден бізге алаяқтық деректеріне қатысты арыз-шағым келіп түскен жоқ. 2020 жылы Қазақстанның даму банкі электронды кезек бастамасын көтерді. Ұлттық банктің және екінші деңгейлі бірнеше банктің сайтында электронды кезек бар. Өтініш беруші өз кезегін өзі бақылай алады.

Ал кезекті қадағалау екінші деңгейлі банктің ішкі нормативтік құжаттарымен реттеледі екен. Демек, әр қаржы ұйымының өз тәртібі бар. Қазір бағдарлама банктерге қайтарылып жатқан қаражат есебінен қаржыландырылып жатыр. Бірақ қарастырылған ақшаның нақты қашан бөлінетіні әзірге белгісіз.