Қарағандылықтардың кәсібі құлдырап барады

Қарағанды облысына қарасты Приозерск қаласындағы туристік нысандардың табысы пандемия салдарынан 50 процентке құлдырап кеткен.

Ал көкше көлдің жағасында орналасқан шалғайдағы шаһарды түлетудің бір тетігі осы туризм еді. Соңғы жылдары бұл салаға құйылған қаржы аз емес. Бірақ, соған қарамастан қазір қонақ үйлер мен шипажайлар қаңырап бос тұр.

Алмагүл Әбілдинова – қаладағы ең үлкен қонақ үйдің иесі. Осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен 50 миллион теңге несие алып, кәсібін ашқан. Жергілікті 30 адамды жұмыспен қамтыпты. Бірақ былтырдан бері демалушылар саны күрт азайып, жұмысшылар санын екі есе қысқартуға тура келген. Табыстан қағылған соң, несие төлеу де қиындап кетіпті.

Алмагүл Әбілдинова, кәсіпкер:

Каникул берілгеніменол сумма азаймайды. Ол одан сайын көбейе береді. Уақыты қысқарғанымен, төлейтіні көбейіп жатыр. Жұмыс көзін ашып, қаланы көркейтеміз деген адамдарға қолдау көрсетілсе деп үміт артамыз.

Биыл қалада туризм бағыты бойынша 160 миллион теңгеге 5 бірдей жоба жүзеге аспақ. Соның бірі – Дария Сейтеннің демалыс орны. Жуырда нысан іске қосылады. Дегенмен Дария карантин жағдайы кәсібіне тұсау бола ма деп қорқады.

Дария Сейтен, кәсіпкер:

– Қонақтардың вакцина салған-салмағанын тексереміз. Бүкіл құжаттарын тексереміз, ПТР алынған болса, оны да тексереміз. Карантиндік талаптар бойынша жұмыс істейміз.

Соңғы 10 жылда туризм саласы қаланың негізгі табыс көзі болды. Жыл сайынғы өсім шамамен 10 процентке жетті. 2018-2019 жылдары мұнда келетін туристер саны 9 мыңға жеткен.

 Ахан Жүсіпов, Приозерск қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Салыстырмалы түрде тоқталатын болсақ, 2019 жылы туризм саласынан түскен түсім 100 миллионнан асты. Тек 2020 жылы шектеу іс-шараларына байланысты 50 пайызға дейін түсіп кетті.

Туризмді дамыту үшін әуелі инфрақұрылымды жақсарту қажет. Биыл қаланың 65 жылдығына орай Балқаш көлінің жағалауын көркейтуге 33 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Бірнеше кәсіпкерлік нысан ашылмақ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев