Ақтөбеде аудандық музейге ғимарат табылмай тұр

Құнды жәдігерлерді жариялайтын орын қажет.

Ақтөбе облысында батырлар мекені атанған Қобда ауданының бай тарихын дәріптейтін музейдің өз алдына бөлек ғимараты болмай тұр. Нәтижесінде, өлкенің өткенінен сыр шертетін кейбір құжаттарды келушілерге көрсетуге әзірге мүмкіндік жоқ. Ал жергілікті билік бұл мәселені биыл шешуге ниеттеніп отыр. 

Аудандық музей 1990 жылдары ашылған. Содан бері тиісті құжаттарда тіркеліп, жиналған жәрігерлердің саны мыңнан асады. Алайда сөреге қойылмай, жәшіктерде жатқандары жетерлік. Оның арасында өткен дәуірдегі туған өлкенің даңқын арттырған азаматтарға қатысты деректі құжаттар бар.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, ауданда өз алдына бөлек мұражай ғимараты болған емес. Әрі әкімдіктегі бұрынғы партия қызметкерлеріне арналған кітапханаға орналасқанына да он жылдан асып кетті. Ауданның құрылғанына 90 жыл болғанымен, тарихы тереңде жатыр. Ерте ғасырлардан бері мұнда Қобыланды, Асан қайғының баласы Абат, Исатай Тайманұлы секілді батырлардың ізі қалған. Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының батыры атағын алған сегіз қобдалықтың есімі халық жадында. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер өзі өте құнды.

Гүлбаршын Ерғалиева, облыстық тарихи-өлкетану музейі Қобда бөлімінің меңгерушісі:

– Сол бір бөлменің ішін қамтып отырмыз. Ең құнды жәдігеріміз – Андронов дәуіріне тиесілі қыш құмыралар Бегалыдан табылған. Археологиялық қазба барысында табылған Исатайдың көне сауыты және этнографиялық бұйымдар бар. Ашылмаған жәдігерлеріміз өте көп. Оның арасында құнды дүние саналатын деректі құжаттар, бірнеше тұлғалардың орден, медальдарының құжаттары да бар.

Қазір бұл мәселені шешу қолға алынған. Аудандық бюджеттен бөлінген 72 млн теңгеге жаңа музей салынып жатыр. Ерекшелігі сол, көрме залынан өзге тағы бірнеше бөлме болмақ. Әрі тиісті стандартқа сай бой көтеруі үшін құрылыс барысы бақылауға алынған.

Күнзия Төлешева, аудандық Сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м. а.:

– Биыл тамыз айында берсек, облыстық мәдениет басқармасына қарай өтеді бұл нысан. Сондықтан жаңадан 12 жұмыс орны ашылады. Жалпы құрылыстың ауданы – 420 шаршы метр. Заманауи үлгіде салынған жаңа құрылыс болып есептеледі. Қазіргі таңда мердігердің атынан барлық материалдар жеткілікті. Уақыты келіп жатыр. Құрылыстың сапасына қарай бақылау жүргізілуде.

Жаңа нысан құрылысын тамызда аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр. Музейге арналған бөлек ғимараттың болатыны өлкенің тарихына жанашыр азаматтарды қуантып отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев