«Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудан $3,1 млрд табыс түсті

«Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясына жалға беруден республикалық бюджетке 3 млрд доллардан аса табыс түсті.

Алайда сол қаржы жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалып жатқан жоқ. Оны Байқоңыр қаласының бүгінгі көрінісінен де анық аңғаруға болады. Мәселе Парламент Сенатының отырысында көтерілді. Цифрлық даму және аэро-ғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалануға бағытталған келісімді ратификациялауды сұрады. Депутаттар қаулыны қабылдағанымен, инфрақұрылымы ескірген Байқоңыр қаласына көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. Жалға беру шартынан түскен қаражат есебінен жолдар мен әлеуметтік нысандар жөнделіп, кешенге жақын орналасқан Ақай және Төретам елді мекендерін де дамытулары тиіс. Сондай-ақ Байқоңырдағы тұрғын үйлерді жекешелендіру мүмкіндігін тезірек қарастырған жөн.

Айта кетейік, Ресей Қазақстанға кешенді пайдаланғаны үшін жыл сайын 115 млн доллар төлейді. 2009 жылы екі елдің басшылары қол қойған құжат бойынша келісім 2050 жылға дейін жалғасады.