Семей полигонындағы кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер беріледі

Семей полигонының аумағында жұмыс істеп жатқан мемлекеттік кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер берілу керек.

Бұл туралы бүгін Энергетика министрінің орынбасары Қайрат Рахымов мәлімдеді. Ведомство ядролық жарылыстардан зардап шеккен жерлерді пайдалану туралы заң жобасын әзірлеп, депутаттар назарына ұсынды. Құжатта Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, мұндағы жұмыстарды орындауға жауапты Операторды бекіту, ластанған учаскелерді оңалту және радиоактивті қалдықтарды сақтау бекетін салу мәселелері қарастырылған. Әзірге бұл аумақтың 93 проценті ғана зерттелген. Жыл соңына дейін бұл жұмыс өз мәресіне жетуі тиіс. Себебі өңірдегі радиоэкологиялық ахуал туралы нақты ақпарат жоқ. Онсыз полигондағы таза және зақымдалған жерлерді анықтау мүмкін болмай тұр. Жерлердің басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың қарамағында болғандықтан, оны бақылау да бірқатар қиыншылық туғызып тұр.