Дәрігерден зардап шеккен науқастарға өтемақы төленбек

Дәрігердің немқұрайлығы салдарынан науқас көз жұмса, отбасына 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтемақы төлеу ұсынылып отыр.

Бұл туралы медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау мәселесіне арналған жиында Денсаулық сақтау вице- министрі Ажар Ғинаят хабарлады. Оның айтуынша, медицина саласындағы сақтандыру тетіктері әлі де жетілмеген. Сондықтан қазір министрлік тиісті заңнаманы өзгерту мақсатында бірқатар ұсыныс әзірлеген. Оның бірі – арнайы сақтандыру қорын құру. Осылайша дәрігердің салғырттығынан науқастың денсаулығына зардап келтірілсе, 300-ден 800 айлық есептік көрсеткішке дейін өтемақы төленбек.

Жалпы соңғы төрт жылда 84 медицина қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, 70-і жазаға тартылды. Дені науқастардың операция кезінде демнің үзілуіне әкеп соқтырған бұрыс шешім қабылдап, ем-дом жүргізуде немқұрайлылық танытқан. Нәтижесінде, науқастар мен олардың отбасыларына 40 млн теңге көлемінде өтемақы төленді.