Түркістан облысында білім ордасының құрылысы аяқсыз қалған

Түркістан облысындағы Келес ауданында ауыл мектебінің құрылысы тым ұзаққа созылып кетті.

Осыдан бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс білім ордасының орнында қақыраған қабырғадан өзге тірі жанды көрмейсіз. Себебі басталған іс аяқсыз қалып құрылыс әлдеқашан тоқтаған. Ал жаңа мектепті күтіп жүрген оқушылар бұл жолы да оқу жылын ескі мектепте қарсы алатын сыңайлы.

Ынтымақ ауылында 4 жыл бұрын жаңа мектептің іргетасы қаланғанда оқушылардың қуанғаны рас. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Құрылысшылар ғимараттың төрт қабырғасын тұрғызып, дәлізін ғана сылап берді. Кейін өздері хабарсыз кетті. Аяқталмаған құрылыс содан бері әлі тұр.

Әбдіәкім Аманов, Ынтымақ ауылының тұрғыны:

– Мықты савхоз болған бұл бөлімше. Сонда мақта теруге келген жәрдемші балалар сонда жататын жатахана болған. Жағдайы өте нашар еді. Күрделі жөндеу деп сәл-сәл жөнделді. Астыны цемент жамады.

Жаңа мектеп құрылысының тоқтау себебін  жергілікті биілік өкілдері түсіндіруге тырысты. Айтуларынша мердігер мекеменің ісінде шикілік көп болған. Сүйтіп әкімдік келісім шартты бұзыпты. Ынтымақ ауылының Сарыағаш ауданынан Келес ауданына  өткіндігі кедергі болған екен.

Мұрат Жүсіпов, Келес ауданының Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Мектепті ары қарай жалғастыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттаманы қазір мерзімі өткен себебінен реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Жақында мемлекеттік сараптамадан өткесін қаржы қаралып, мектеп ары қарай жалғасын табады.

Ал мектеп құрылысына бюджеттен бөлінген 772 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын әкімдіктегілер айта алмады. Игерілмеген соманың себеп-салдарын құзырлы органдар анықтайтын болады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Раул Ғабитов, Ерболат Әбіш