Семейде жылу маусымына дайындық басталды

Семейде алдағы жылу маусымына дайындық басталып кетті. Жоспар бойынша қалада бірнеше қазандық жөндеуден өткізіледі. Жұмыс барысын тексерген облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, жөндеуден кейін қазандықтардың қуаттылығы артып, коммуналдық нысан қажетті электр қуатын өзінде өндіретін болады.

Биыл қыста семейліктер жылудан қиындық көрмейді. Себебі өткен жылғы олқылықтың бәрі осы жылы ескерілді, дейді аймақ басшысы. Ал ескірген құбырлардың кесірінен қаншама қаражат далаға кеткені белгілі. Енді ондайға жол бермес үшін сала бүге-шүгесіне дейін зерттеледі. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары қазандықтардың қуатын күшейтіп, жылу жетіспеушілігінің орнын толтырады. 

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі: 

- Жылу жоғалту 36 процент деген жақсы нәрсе емес. Бұл ешқандай да талапқа сай келмейді. Сондықтан бұл мәселені шешу керек. Сол үшін қосымша 900 млн теңгеден астам қаражат бөліп отырмыз. Былтыр қаланың оң жақ бөлігіне жылу тиісті деңгейде таратылмады. Егер біз гидравликалық режимді реттеп, жылудың жоғалуын қысқартсақ, бәрі дұрыс болатынына сенімдімін.

Сонымен үнемі жылу жетіспеушілігі туындайтын орталық жылу қазандығының қуаты 200 гигакалорийға күшейтіледі. Сондай-ақ «РК-3» қазандығына да ерекше көңіл бөлінбек. Себебі ол жаңадан салынып жатқан ауданға жылу таратады. Қолға алынған істер қала тұрғындарын да қуантып отыр.

Бибігүл Алпанова, қала тұрғыны:

- Қала бойынша көптеген жұмыс жүріп жатыр. Ештеңе жұмыс жүрген жоқ деп айтуға келмейді. Мінеки кеше облыс әкімі келіп, қала әкімімен бірге аралап, жылу жүйесін жөндеу жұмыстарын бастап жатыр. Өйткені бұрын қыста жылу жүйесі көбіне аварийный жағдайда болып жататын. Соның алдын алып, қазір ертерек жылу жүйесін бастап жатыр.

Мамандардың сөзінше, аталған жөндеу жұмыстары жылу қазандықтарының өздеріне қажетті электр қуатын да өндіруге мүмкіндік береді. Ал олар жарыққа жыл сайын миллиондаған қаражат жұмсайтынын ескерсек, бұл аталған кәсіпорындарға әдеуір үнем болмақ. 

Дамир Берікұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов