Мүгедек балаларды оңалтуға арналған он екі орталық ашу жоспарланған

Биыл мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын оңалтуға арналған он екі шағын орталық ашу жоспарланған.

Алтауы бүгінде іске қосылып та үлгірді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халық алдында есеп беру жиынында хабарлады.

Осы ретте медициналық сараптама жасау мерзімін қысқартып, қағазбастылықтың алдын алу үшін мүгедектік санатын қашықтан белгілеу жұмысы жалғасады. Бұл жоба еліміздің алты бірдей өңірінде жүзеге аспақ.

Атап айтқанда, елорда, Алматы қалалары мен Батыс, Солтүстік, Ақмола және Қарағанды облыстары. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында былтыр кәсіптер атласы жасалған еді. Алдағы уақытта еліміздің алты өңірінде тең қоғам орталықтары ашылмақ. Онда мүгедектік санаты белгіленген адамдарға жұмысқа орналасуға тиісті психологиялық, құқықтық көмек көрсетіледі.