425,78 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда жасыл желек қурап барады

  • 85
  • UPD: 23:11, 10.06.2021

Павлодарда гүлзарлар мен саябақтар күннен күнге қурап барады. Бұл аз дегендей, қылқан жапырақты ағаштар жаппай ауруға шалдыққан.

Мамандардың айтуынша, мұның салдары экологиялық проблемаға әкелуі мүмкін.

Қала халқының алаңдауына негіз бар. Биыл көктем жаңбырсыз болды. Содан болар қала көшелерінде қураған ағаш саны артты. Қолмен суарылатын көгалдардың өзі жаз басталмай жатып, сарғайып кетті.    

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Ертістің жағасында тұрып суға жарымаған қала. Орталық жағалаудың өзінде гүлзарлардың топырағы шығып жатыр. Шөптері қурап кеткен. Қаланы көгалдандыруға жауапты мекеме болса жұмыстың тәулік бойы жүріп жатқанын айтады.

Қала тұрғыны Қаркен Бұхарбаев күн сайын Ертіс жағасында серуендейді. Өзенге қол созым жерде тұрып, жасыл желектің мезгілсіз солып жатқаны көңілді  құлазытады. Бұл күтімнің жоқтығы дейді зейнеткер. Әйтпесе ағаш егудей-ақ егіледі.

Қаркен Бұхарбаев, зейнеткер:

- Мыңдап егеміз оның жартысынан көбі өліп қалады. Оған неменеге әуре болу керек. Не әуре болу керек. Біз қаланың сыртына питомник жасап жатыр жарайды. Ал жасасын, одан әкеледі. Қала құрғап барады, оны мойындау керек. Бұрынғы жоқ. Қалай айтса да ол кезде күтім болды. Сондықтан ағаштар жақсы өсті. Қазір ағаштарды салған болады, күтпейді, сосын ағаш өспейді. Ағаш түгілі шөп те өспейді.

Павлодарды көгалдандырумен үш мердігер ұйым айналысады. Олардың құзырына суару, отау, гүл отырғызу және  ағаштар мен газондарды қию жұмыстары кіреді. Биыл қаланы көркейтуге  бюджеттен 214  миллион теңге бөлініпті.

Арман Құсайынов, қалалық ТКШ бөлімі секторының бас маманы:

- Біз қазір жұмысты күшейтіп жатырмыз. Суаратын машианалардың санын арттырдық. Күн сайын қалалық мәслихат депутаттарымен бірге жұмыс сапасын қадағалауға шығамыз. Осындай тексерулердің арқасында басқа да маңызды мәселелер анықталады.

Мониторинг тобының арқасында қарағайлардың ісікке шалдыққаны белгілі болды. Биологтар қауіпті ісікті саңырауқұлақ немесе бактериялар тудыратынын айтады. Бастапқыда өсімдіктің діңінде, тамырларында, бұтақтарында кездесетін тат бірте-бірте жарықшақтар арқылы ағашқа сіңеді екен. Бұған температураның күрт өзгеруі, экологиялық жағдайлардың да әсері тиюі мүмкін дейді мамандар. Қауіпті вирус бірінші болып жаңадан отырғызылған қарағай көшеттерін, яғни жас ағаштарды зақымдайды.

Татьяна Пономарёва, биолог:

- Жұқпалы ауруға шалдыққан ағаштарды тез арада жойып орнына басқа ағаш егу керек. Зақымданған жерлерге қарағай көшеттерін отырғызуға болмайды. Мұндай жағдайға тек терек ағашы төтеп бере алады. Экологиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ теректің пайдасы өте зор және ол өміршең келеді.

Бүгінде қаланың жасыл желек қорын сақтап қалуға бағатталған жұмыстар жан-жақты жүргізіліп жатыр. Суару машиналарының саны екі есе артқан.   

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы