Жайылымға жер беру Маңғыстаудағы мәселені шеше ме?

Маңғыстаудағы Жарма, Сазды елдi мекендерiн құм басып қалу қаупi бар. Жылдар бойы жалғасып келе жатқан мәселе толық шешілер емес. Облыс басшылығы құмның көшуін өңірдегі ірі мұнай-газ компанияларының техникалық қолдауымен ғана уақытша тоқтатып отыр.

Маңғыстауда желге ілесе құтырынатын құмды дауыл ауыл-аймаққа, экологияға зиянын тигізіп жатыр. «Үф» еткен жел тұрса болды құм көшіп, тау төбе болады. Мұндағы халық топырақ жауыннан шаршаған. Тіпті арты табиғи апатқа соқтыруы мүмкін екенін талай айтып жүр. Ал аймақ басшысы бұл мәселенi шешудiң бір ғана жолы бар деп отыр. Яғни құмды өлкеге өсімдік отырғызу қажет. Сексеуіл, жыңғыл, жүзгiн секілді бұталарды қоршау жасау арқылы өсірсе ғана қауіптің беті сейілмек. Бұл үшін 430 млн теңге көлемінде жобалық сметалық құжаттама жасақталған. Қаражат бөлінсе бұл мәселе де шешімін тапқалы тұр.

Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Біз тиісті техникамен уақытша құмды кейін ысыру жұмыстарын жасадық. Әуелден Сенек, Үштаған ауылдарында да осындай мәселе туындаған. Ол жерлерде өсімдіктерді өсіріп құмның көшуін тоқтаттық. Бұл ауылдарға да осындай жоба жасақтаймыз. Ауылдағы үйлерге қандай да бір қауіп төнетін болса оған көмектесеміз. Тиісті шаралар жасаймыз. 

Маңғыстау халқы ат төбеліндей ғана болса да мұнда салынып жатқан баспана көп. Сұраныс та бар көрінеді. Тіпті бұл өңір соңғы 3 жылда тұрғын үй құрылысы бойынша республикада үздік үштік қатарына кірген. Биылдың өзінде 1 млн 200 мың шаршы метр үй қолданысқа берілмек.

Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Биыл сырттан келетін материалдарға қатысты мәселе болды. Әсіресе темір, арматура бағасы екі есеге өсіп кетті. Әрлеу жұмыстарына қажетті материалдардың барлығы сырттан келеді. Сондықтан осыған қатысты.

Жері сораң тартқан Маңғыстауда жаз бастала салысымен ауыз су тапшылығы қала тұрғындарын да екі бүйірден қысады. Себебі табиғи жерасты су көздері аз. Бұл әлі күнге дейін шешімін толық таппай, сиырқұймышақтанып кеткен мәселе. Ал аймақ басшысы бұл мәселені жыл соңына дейін шешеміз деп отыр. Қазір бірқатар ірі жоба іске асырылып жатыр.

Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Осы жылдың соңына дейін Каспий су тұшыту су қондырғысының көлемі ұлғайтылады. Қаражат респуликалық бюджеттен толық бөлінді. Жыл соңына дейін осы объектті аяқтайтын болса, қаладағы және жылы жағажайдағы толық сумен қамтамасыз етеміз деп отырмыз. 

Бұған дейін Маңғыстауда мал баққандар жем-шөп жетіспей жатыр деп дабыл қаққаны белгілі. Мұны облыс басшысы қыстағы қардың аздығы мен көктемгі жауын-шашынның сиректігіне сілтеді. Десе де, бұл мәселені шешудің оң тұсын тапқан. Мал азығы қорын молайту үшін жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінгенін айтты. Әрі облыстағы шаруаларға жайылымдыққа, шабындыққа жер учаскелерін бермек.

Автор: Айнұр Қуатқызы