Ұжымдық иммунитет аурудың таралуын тоқтатады

Егер адамдардың басым көпшілігі жұқпалы ауруға қарсы ұжымдық иммунитетке ие болса, аурудың таралуы тоқтайды.

Бұл туралы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры Равиля Егембердиева онлайн бирфингте айтты. Маманның сөзінше, коронавирусқа қарсы иммунитеттің пайда болу принципі басқа вирустармен бірдей. Иммундық жүйе ағзаның генетикалық құрамының тұрақтылығы үшін күреседі. Ал ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың негізгі жолы вакцина. Дәл қазіргі уақытта Алматыда 300 мыңнан астам адам екпе салдырған. «Соның нәтижесінде эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақтанды» дейді ғалым. 

Равиля Егембердиева, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

- Сарапшылардың бағалауы бойынша халықты 70%-тен 90%-ке дейін вакциналау қажет. Вакцина вирусты тоқтатудың басты факторы. Ұжымдық иммунитетті сақтау – бұл жұқпалы ауруларға қарсы тұрақты күрес, өйткені вирустар иммундық реакциялардан қорғану үшін дамиды. Сондықтан жыл сайын тұмауға қарсы жаңа вакцина енгізіледі және уақыт өте иммунитетті қалпына келтіру үшін әр 10 жыл сайын дифтериядан ревакцинация қажет.