425,78 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде бес айда 5500-ден астам ұялы телефон ұрланды

  • 93
  • UPD: 10:11, 11.06.2021

Биыл 5 айда елде 5500-ден астам ұялы телефон ұрланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 3 мыңдайы табылған. Ал қалғанын іздеу жалғасып жатыр. 2019 жылы елде мобильді телефонды IMEI код арқылы арнайы базаға тіркеу міндеттелгенін білеміз. Сол кезде билік өкілдері бұл террорлық әрекеттің алдын алып, телефон ұрлығын азайтуға бағытталған қадам деп түсіндірген. Екі жылда не өзгерді? Нәтиже қандай?  

Қазір Қазақстанда IMEI код арқылы арнайы базада тіркелмеген телефонға байланыс операторлары қызмет көрсетпейді. Жаңа телефон алсаңыз немесе нөмір ауыстарсаңыз смс-хабарлама арқылы оны өз атыңызға тіркеуіңіз керек. Осындай талаптың арқасында елде телефон ұрлығы екі есе азайған.

Құдияр Нұрсейітов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аға жедел уәкілі:

- 2019 жылдың 12 аймен 2020 жылдың 12 айын салыстырғанда қылмыстың тіркелуі 56%-ке азайды. Яғни, 33 мыңнан 16 мыңға дейін қылмыстың тіркелу саны азайған. Осы жылдың бес айында орын алған өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңнан 5 мыңға дейін азайып отыр. Яғни жылдан жылға қылмыстың орын алуы төмендеуде.

Мобильді құрылғыларды тіркеу туралы заң күшіне енгелі ұсталған телефон саудасы саябырсып қалған. Базар маңыңында «сотка аламыз» деп айқайлап жүретіндер де некен-саяқ. Бірақ ұрлық толық тыйылды деуге болмайды. Өйткені биыл бес айда 5,5 мың ұялы телефон қолды болды. Оның 2,5 мыңдай табылған жоқ. Ал базардағы телефон алатындар ұрлықы затқа жоламайтынын айтады.

Тілші:

- Қолданылған телефон сатушылар көп пе? Қалай аласыздар?

Елжан Тоқбаев, мобильді телефон сатушы:

-Келеді, сатады, қорабымен ғана аламыз. IMEI кодын тексеріп, сөйтіп аламыз. Қораьы болмаса алмаймыз.

Тілші:

- Сол адамның атына тіркеліп тұрған телефонды тіркеуден қалай шығарасыз?

Елжан Тоқбаев, мобильді телефон сатушы:

- Қазір оңай. Симка салсаң автоматты тіркеу жасалады. ЖСН сұрайды. Сол ЖСН-мен аласыз телефонды.

Назерке Тұрсынбекова, мобильді байланыс операторының қызметкері:

- Егер телефоныңызды сататын болсаңыз онда бірінші өзіңіздің телефоныңызды регистрациядан шығарасыз. Содан кейін басқа телефонға, егер нөмір атыңызда болса ЖСН арқылы тіркейсіз.

- Менің телефонымды басқа адам регистрациядан шығара ала ма?

- Жоқ тек өзіңіз ғана ЖСН арқылы шығара аласыз.

Қазақстанда жағдай осы. Әзірге телефонды тіркеуге қою немесе шығару смс-хабарлама арқылы тегін жүргізіледі.

Байланыс аппаратын қай елден алғаныңыз да маңызды емес. Ал Түркияда жағдай басқа. Мұнда телефонды тіркеу 2012 жылы басталды. Тегін емес ақылы. Шамамен 5000 теңгедей. Шет елден келгендерге мүлде қиын. Кейінгі екі жылда импорттық телефонды тіркеу ақысы 500%-ке өсті.

Хакан, телефон сатушы:

- Егер телефонды осы жерден алса тіркеуге қойып, еш қиындықсыз қолдана береді. Бірақ бізде қымбат. Өзге елден арзан бағада алып келгенімен тіркеуге қойған кезде сол шығын шығады. Оның үстіне белгілі уақыт өткеннен кейін қайта тіркеуге мәжбүр боласыз. Сондықтан қымбат болса да, осы жерден алған тиімді.

Керемет Дәулетова, қазақстандық студент:

- Түркияға былтыр келер алдында ұялы телефонымды алдым. Мұнда келгеннен кейін ғана тіркеу жасататынымды білдім. Оның құны да 100 мың теңге екен. Алған телефоным бағасына шамалас сома. Сосын 2 жылда бір рет қана бір кісіге мұндай мүмкіндік беріледі. Сол үшін бірнеше ай шыдап, келесі жылы осы жақтан жаңа телефон аламын деп шештім. Елден алып келген телефонымды тек қана интернеті бар жерлерде ғана қолданып жүрмін. Ал, операторлық сөйлесулерге қарапайым телефон алдым.

Телефонды тіркеуге Түркия, Украина, Әзербайжан сияқты бернеше елдің тәжірибесінде бар. Барлығының мақсаты бір. Ұрлықты азайтып, террорлық шабуылдың алдын алу.

Алғашқысы бойынша бізде оң нәтиже бар сияқты. Екіншісіне қатысты мамандар тіс жармады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Меруерт Қанағат Аят Дүйсенбаев, Ербол Даиров

Хабар 24 телеарнасы