Шымкентте «Шатқал» бағдарламасы іске аспай қалды

Шымкентті жасылдандыру жобасы ойдағыдай іске аспай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

4 жыл бұрын қолға алынған «Шатқал» бағдарламасы тұралап қалды. Керісінше, қураған ағаш көбейіп, жасыл желек азайып кетті.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Тиімді жоба «Шатқал» бағдарламасы аясында мегаполистің бос жатқан жерлеріне, жыраларына ағаш отырғызып, халықтың демалыс аймағына айналдыру міндеті тұрды. Бірақ іс жүзінде қоқыс полигонына айналған баянсыз бастаманы көз көрді.

«Самал шатқалының» бір бөлігі қоқыс алаңына айналғалы тұр. Қазір мұнда жасыл желектен гөрі, күл-қоқыс көп. Одан қалды, топырағын қопарып, кез келген адам тасып алып жатыр.

4 жыл бұрын қолға алынған жоба жергілікті тұрғындардың да көңілінен шыққандай болды. Жасыл белдеуге ағаш отырғызу жұмыстарына да үлес қосты. Алайда, нәтижесі күткендей болмады.

Блиц 1:

- Егер салқын боп ашық тұрса, барар едік кешкісін балаларды ертіп. Негізі жабық тұрады. Мен білмеймін ештеңе.

Блиц 2:

- Бір жылдан кейін кеуіп кетті ғой қурап. Бәрі егілген, КамАЗ- КамАЗ келіп төкті ғой талдарды.

Блиц 3:

- Су жоқ. Менің күйеуім сол жерде күзет болып жұмыс істейді. Кеше су жоқ дегеннен кейін кеше әкеліп су құйды ғой машинамен. Адамдар түбін әктеп, шөптерін орып жатыр.

Жергілікті билік Шымкент шатқалдарын саябаққа айналдыру идеясымен қызу тірлікке кірісті. Сөйтіп жаппай ағаш көшеттерін отырғызып, жұмыла кірісті. Түрік еліндегі Анкараны мысал етіп, туристер тартылады деп жоспарлады. Ауқымды жобаны бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы Жансейіт Түймебаев қолға алған еді.

Жансейіт Түймебаев, облыстың бұрынғы әкімі:

- Сосын мына ағаш өскеннен кейін ортасына жол саламыз. Жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін. Бітті. Жарық қоямыз. Сосын жайнап кетеді. Ең бастысы, жұрттың денсаулығы, жүйкесі, балалардың денсаулығы барлығына әсер етеді. Және қаланың экологиясына әсер етеді.

Шатқалдың шатқаяқтап қалған ісін Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары түсіндіруге тырысып бақты. Бастапқы кезде 124 гектарды құрайтын 13 алқапты көгалдандыру көзделсе, оның сегізін ғана жүзеге асыру мүмкін болды. Кейіннен бұл сандар тағы да өзгеріске ұшырады. Себебі...

Шайхислам Кемелхан, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы:

- Сәулет және жер қатынастары басқармасына мемлекеттік АКТ-ны рәсімдеу бойынша сол мекемеге тапсырма берілген. Біз тек көгалдандыру жұмыстарымен айналыстық. Кейіннен белгілі болғандай ол жерлер жеке меншік жерлер болып табылды. Осыған байланысты бізде «Депуттаттар шатқалы» деп аталатын Төлеметов көшесінің бойындағы оң жақтағы шатқалдағы ағаш көшеттерін сот шешімімен 38 гектар Самал шатқалына көшіру жұмыстары жүргізілді.

Мамандар биылғы жылдан бастап шатқалды өзге басқармаға тапсырды. Ендігі күтіп-баптауды қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы жүзеге асырмақ.

Дархан Тұрғанбай, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Кешегі аптада шөптері орылды, суғарылды. Ұңғымаларын қосып, су шығару жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін автокөлікпен суғарылған. Алдыңғы мекемелерде жарағын ажыратып тастаған. Соның электр жарығын кеше арнайы хатпен шығып қостырдық. Әрине, мынау ішіндегі қурағаны болса, ауырған ағаштары болса емделеді, қарау жұмыстары күшейеді.

«Шатқал» бағдарламасын іске асыруда мемлекет қаржысының қайда жұмсалғаныан прокурорлар анықтап жатыр. Бірақ бұған дейін 490 миллион теңгені құрайтын жоба демеушілер есебінен жүргізілгені айтылған.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов

Сондай-ақ...