Куәгер: Қорғаныш киімінің тапшылығы COVID-19-дың таралуына басты себеп емес

Қорғаныш киімдерінің, оның ішінде масканың жетіспеушілігі Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада ковидтің өршуіне жанама әсерін тигізген.

«СҚ Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты сот отырысында сөйлеген куәгер Бауыржан Жүсіпов осылай деп мәлімдеді. Алматы қаласындағы профилактикалық медицина академиясының сарапшысы атап өткендей, былтыр сәуірде аурухананың 700-ден астам қызметкері вирус жұқтырған. Бұған медицина қызметкерлерінің бейқамдығы, аурухана аумағының қауіп деңгейіне қарай бөлінбеуі, желдеткіш жүйесінің дұрыс істемеуі сынды бірқатар себеп болған. Десе де, провизорлық стационарда қорғаныш киімін кигендердің арасында ауру салыстырмалы түрде аз тараған. Сол себепті куәгердің пікірінше, киім тапшылығы мекеменің ауру ошағына айналуына басты себеп болған емес.

Еске сала кетейік, «СҚ Фармация» қорғаныш киімін уақытылы жеткізбегендіктен, елдегі медицина қызметкерлері жаппай ауруға шалдықты деген айып тағылған. Осыған байланысты  компанияның бұрынғы басшысы Берік Шәріп лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану бойынша сотқа тартылған еді.