«Хабар» арнасындағы ECO MEKEN реалити-шоуына қатысушылар іріктеле бастады

«Хабар» арнасы және «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС-нің бірлескен демеушілігімен ECO MEKEN реалити-шоуы дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – еліміздегі алғашқы экологиялық жоба. Оған қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1500-ге жуық өтініш түскен. Іріктелген 32 адамның ішінде көрермен көзайымына айналғандар шоуға жіберіледі.

ECO MEKEN – экология жанашырларына шабыт бергендей. Олар жасыл ортаны жайқалтып, гүлдендірудің түрлі тәсілін біледі екен. Қиялын бейнекамераға түсіріп, жоба алқасына жіберді. 1500-ға жуық жұмыстың ішінде тың ойлы 32-сі іріктеліп алынды.

Қайратғали Хайрулла, «ӨКМ операторы» ЖШС стратегиялық мәселелер бойынша басқарушы директор:

- Біздің осы таңдауымыз әділ өтті деп есептейміз. Өйткені әркім өзінің ойын айтты. Ойымен таныстық. Тиісті бағаларын алды. Сол 32-нің ішіндегі 16-сы осы реалити-шоуға тікелей қатысатын болады.

ECO MEKEN елдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған. Яғни, реалити-шоу жеңімпазы өз жобасын жүзеге асыратын болады. Қазылар алқасы батысқазақстандықтардың белсенді екенін атап өтті.

Қайратғали Хайрулла, «ӨКМ операторы» ЖШС стратегиялық мәселелер бойынша басқарушы директор:

- 32 кандидаттың тізімі тиісті сайтқа ілінеді. Соған халық өзінің дауысын беріп, 15 маусымға дейін ілулі тұрады. Сіздердің бағаларыңыз маңызды. Осы реалити-шоуға қатысу-қатыспауын сіздер шешетін боласыздар.

Іріктеу «Ecomeken.khabar.kz» сайтында өтіп жатыр. Көпшілік қолдауымен суырылып шыққандар екі топқа бөлінеді. Әр апта сайын топ мүшелері түрлі тапсырманы орындауға міндетті. Сыннан сүрінбеген қатысушыға «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС-нің демеушілігімен 10 млн теңге бұйырады. Екінші орынға – 5 млн, үшінші орын алғанға 3 млн теңге беріледі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев