Нұр-Сұлтанда әлеуметтік пәтерлер саны 5,5 есе артады

Әкімдік елордалықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Биыл кезекте тұрғандар үшін 10 мың әлеуметтік пәтер салынады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Жоғарыда айтылған пәтерлер кезекке сәйкес бөлінеді. Әлеуметтік жеңілдікті тұрғын үй әлеуметтік осал санаттарға арналған. Олардың қатарында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар, жетім балалар, толық емес отбасылар, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, зейнеткерлер, ҰОС қатысушылары және т.б. бар. Ал әлеуметтік пәтерлер кезекте тұрған Отбасы банкінің салымшыларына арналған. Сондай-ақ әкімдік жастар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы және басқа да санаттар үшін дайын пәтерлерді сатып алады.

Мұқтаж жандарға пәтер кілттері жыл бойы беріледі. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020 жылы 7 мың жеңілдікті пәтер қолданысқа берілді. Ал биыл мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді тұрғын үй саны артып, 10 мың әлеуметтік пәтер салынады. Тек соңғы үш жылдың ішінде әлеуметтік пәтерлер саны 5,5 еседен астам артады. Мұқтаж отбасылар кезекті үй кілтін биыл шілде айында алады. Мысалы, әлеуметтік қолжетімді тұрғын үй құрылысы қаланың барлық ауданында жүріп жатыр. Мәселен, Отау, Жағалау шағын ауданында, Пригородный тұрғын алабында, Ш.Құдайбердіұлы, Р.Қошқарбаев көшелерінде, жаңа вокзал ауданында.

Сонымен қатар биыл Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы да жалғасады. Осы бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы бір мыңнан астам жас баспаналы болады. Осы мың пәтерден бөлек, биыл жыл басында 350 жас баспаналы болды. Бұған қоса 2021 жылы жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы (әлеуметтік кредиттеу) іске қосылады.

Бұнымен қатар қазақстандық тұрғын үй компаниясы (ҚИК) желісі бойынша тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың санаты кеңейді. Енді бұл бағдарламаға медицина қызметкерлері, педагогтер, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады. Бұдан басқа тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1-ден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайды. Ал тұрғын үй сертификатын алушылардың санаты кеңейді.

Тағы бір маңызды пункт – қауіпті көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жөндеу, ескі және апаттық тұрғын үйлерді бұзу, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау. Мәселен, өткен жылы елордада 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделді. Соңғы екі жылда апатты жағдайдағы ескі үйлерден 400-ден астам отбасы көшірілді. Биыл тағы да 200-ден астам отбасын көшіру және олар үшін жайлы, ал ең бастысы өмір сүру үшін қауіпсіз жағдай жасау жоспарланып отыр.

Және де үлестік құрылыс нысандарын аяқтау жұмыстары жүріп жатыр. Бір жарым жыл ішінде (2019 жылдың жазынан 2020 жылдың соңына дейін) ұзақ құрылыс саны екі еседен астам азайды. Биыл 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Көптен күткен пәтер кілтін тағы 7 мың үлескер алады.