Семейдегі автопарк жанжалынан жолаушылар тасымалы тоқтап қалуы мүмкін

Семейде автопарк төңірегіндегі дау-дамай басылар емес. Естеріңізде болса, «Semey Bus» компаниясын әкімдік банкрот деп танығаннан кейін «БРК-лизинг» өнеркәсіпті дамыту қоры миллиондаған берешегі үшін олардың барлық автобусын алып қою жайлы шешім қабылдаған еді. Ал бұл қаладағы жолаушылар тасымалына қауіп төндіреді. Журналистермен кездескен автопарк басшылығы басқарудағы тиімсіз менеджментті ақтауға тырысты. Жергілікті билік өкілдері болса, мекеме тағдырын енді сот шешетінін айтады.

Осыдан бір жарым жыл бұрын «Semey Bus» серіктестігі несиеге 170 автобус сатып алған еді. Алайда компания қарызын толық өтеп үлгірмеді. Осыған байланысты өнеркәсіпті дамыту қоры оларды келісім-шарт талаптарын дұрыс орындамады деп айыптап, көліктерін тәркілеп алмақ. Алайда журналистер тарапынан қойылған сауалдар брифингті ұйымдастырушыларды абыржытты.

Болат Қылышбеков, «Semey Bus» компаниясының директоры:

- Біз қоғамдық комиссияға барлық деректерімізді тексеруге рұқсат береміз. Оған ешқандай кедергі келтірмейміз. Міне сол кезде 2020 жылғы кірістер мен шығыстардың барлығын анық көруге болады. 

Ал жергілікті әкімдіктің өкілдері қазір «Semey Bus» серіктестігі мен «БРК-лизинг» өнеркәсіпті дамыту қоры арасында сот ісі басталғанын айтады. Бірақ сотта автопарк жеңілетін болса, олар амалсыз автобустарынан айрылады.

Нұрымбет Сақтағанов, қала әкімі:

- Егер «Semey Bus» осы өнеркәсіпті қолдау қорын жеңіп шығып жатса, өздерінде автобустары қалып жатса, ары қарай біз өзіміздің келісім-шарт аясында жұмысымызды жалғастырып, барлық көтерілген сұрақтарды бірте-бірте шешеміз. Ал егер 170 автобусты алып қоятын болса, онда біз қайтадан конкурс жариялап, жаңа тасымалдаушы кәсіпорынды тауып, сол кәсіпорынмен ары қарай жұмыс жасайтын боламыз. 

Несиеден бөлек бұл компания бюджетке де 850 млн теңге берешек. Қарызға белшесінен батқанына қарамастан кәсіпорын бизнес санаттағы автокөлікті жалға алу, жиһаз бен түрлі жабдықтар сатып  алу секілді әкімшілік шығындарға да жол берген. Әзірге жасыл автобустар қала көшелерінде халыққа қызмет көрсетіп жүр. Жергілікті билік өкілдері дау-дамайдан тұрғындардың зардап шекпеуін барынша қамтамасыз етпек.

Дамир Берікұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов

Сондай-ақ...