Қазақстан полицейлері қылмыскерді ДНҚ-деректері арқылы анықтайды

Бұл үшін биологиялық дерекқор жасақталады. Мамандар биоматериал арқылы кез келген адамның сырт-пішіні, көзі мен шашының түсін білуге болатынын айтады. 

Кез келген қылмыс орнында қан, шаш, тері қалдықтары сияқты генетикалық материалдар қалып қоюы мүмкін. Енді бұл дәйектер міндетті түрде арнайы дерек қорға енгізіледі. Адамның ДНҚ-сы арқылы қылмыскердің жас шамасын анықтауға мүмкіндік туады. Гендік сараптама бірінші кезекте қылмыс жасауға бейім топтардан алынады. 

Айнұр Сәрсембаева, ІІМ жедел криминалистикалық департаментінің бас криминалисі:

- ДНҚ дерекқоры бірнеше санат бойынша жасалады. Атап өтсек, ауыр және аса ауыр қылмысы үшін сотталғандар. Күдіктілер мен айыптаушылар және ІІО есепте тұрған адамдар, танылмаған мәйіттер, ашылмаған қылмыс орындарынан биологиялық іздер алынған адамдар. Сондай-ақ хабарсыз кеткен адамдардың биологиялық туыстары. Бұл жерде олардың жазбаша келісімі керек.

Қазір ғалымдар белгілі бір ұлттық топқа тән ДНҚ маркерлерін анықтап жатыр. Жобаның бастапқы кезеңіндегі қорда 500-ге жуық биоматериал жинақталған. Нәтижесінде қатысушылар ДНҚ профильдері арқылы 3D форматындағы фотосуреттерін алса, ғалымдар биоматериал тапсырған адамға барынша ұқсас бейне жасап шығарады. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Алдағы уақытта кез келген тұрғын ДНҚ дерекқорына өзі туралы ақпаратты тапсыра алады. Ғылыми жұмысқа шамамен 400-ден астам адам қатысқан. Оларды қызықтырған бағыттың бірі ДНҚ арқылы 7 атаға дейінгі белгісі бір топтарды анықтау мүмкіндігі. Яғни сіз мүлде білмеген адам сізге жақын туыс болып шығуы да ғажап емес. Бұл әсіресе із-түзсіз жоғалып кеткендерді тануға тың мүмкіндік.

ІІМ қарасты Қарағанды академиясының қызметкерлері жобаның бастамашысы ретінде жұмыс істеп жатыр. Енді елде жасалатын сот-медициналық сараптамаларды осы бағытқа қарай оңтайландыру қажет.

Бағдәулет Сатыбалды, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанты:

- Осы жобаның арқасында болашақта биологиялық материалды қолдана отырып, адамның сыртқы келбетін, көз бен терінің және шаштың түсін анықтауға болатынын айтты. Мен болашақ криминалист ретінде осы бағыттың дамуына өз үлесімді қостым. Ерікті түрде қатысуға өтініш блдіріп, қан тапсырдым. 

Ақынқали Дәрменов, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының басшысы:

- Статистика комитетінің ақпаратынша, биылғы жылдың мамыр айында ел бойынша кім екені білгісіз 1500-ге жуық мәйіт бар. Біздің қолға алған жобамыздың арқасында генетикалық туыстық арқылы олардың жақындарын анықтауға болады. Әсіресе жасөспірімдерге қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстарды оңай ашуға мүмкіндік туады. 

Қазақстанда бұрын-соңды мұндай криминалдық сипаттағы анықтау жұмыстары жүргізілмеген. Жоба 3 жыл бойы толықтырылады.  Сарапшылар генетикалық паспорт қауіпті орындарда жұмыс істейтін адамдар үшін де аса қажет екенін айтып отыр. Себебі қандай да бір апат болып, мүрдені тану мүмкін болмаған жағдайда гендік дерекпен сәйкестендіруге болады. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев