Жетісудың шұрайлы мекендерінің бірі Үмбетәлі ауылындағы көл тартылып қалды

Жазда балалар шомылып, балық аулайтын айдынның орны ғана қалды. Бұған қоса ауылда ауызсу мәселесі де өзекті болып тұр. 

Алмас Садуақас, тілші:

- Үмбетәлі ауылының кіреберісіндегі көл осыдан 70 жыл бұрын пайда болған. 70 бойы ол ауылға саясын сыйлады, бақшасын суарды, балалар балық аулап, талай ұрпақ суға жүзіп үйренді. Алайда кейінгі жылдары көл шөлге айнала бастады. Өйткені жоғары жақтан су келмейді. Ал қазір көлден қалғаны мына шағын шалшық ғана.

Аумағы 6 гектарға жуық көлде сазан, ақмарқа амур, мөңке сынды балық түрі көп еді. Жабайы үйректер мекендейтін. Жаздай көлге шомылатын балалар сонда да үйреншікті әдетін үзбей көлден қалған шалшыққа қармақ салады. Бірақ...

- Әй, балалар, балық бар ма?

- Жоооооқ! Мынандай көлде қайдағы балық?

- Барлық балық қырылып қалды ғой. Жоқ балық бұл жақта. Бақа ғана бар бұл жақта болды. Әне жатыр.

Табиғатқа жанашыр ауыл азаматтары көлдегі су деңгейі үш жыл бұрын азая бастағанын айтады. Көлдің тартылып бара жатқаны жөнінде ауыл әкіміне талай рет ескертіп, оны суға толтыруға көмектесуін сұраған.

Әлихан Каяев, ауыл тұрғыны:

- 44 жылдан бері осы ауылдамын. Осы уақытқа дейін су бар еді. Міне үш жыл болды суды құртамыз, елдер арықтарының бәрін жауып тастады. Әйтпесе мына көлде балық ұстайтын, бала-шаға шомылатын, жоғары жаққа үй салды, енді кір су келеді. Қазір балық та жоқ, шайтан да жоқ міне, құр топырақ.

Мұратбек Мырзакелдіұлы, ауыл тұрғыны: 

- Осы ауылда туып өскенмін. Осы көлде шомылғанмын. Осы көлде балық жоқ дегенде бір 30-40 см балықтар болған. Міне жағдайын көріп тұрсыздар. Кеуіп кетті. Мынадан шыққанымен балалар демалып, ауру болады. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Одан кейін мына сайда қашар-машар салып тастады. Бастаудың бәрі жабылды. Сол бастаудан су ақпайды.

«Үшқоңыр ирригация» мекемесі Жамбыл аудандық бөлімше басшылығының айтуынша, бұл көл олардың иелігіне жатпайды екен. Оны меншікке алу үшін етегінде суармалы егістік болуы шарт. Көлге су тарту үшін белсенді тұрғындар сайдағы өзенге жасанды шлюз орнатып, арнаға су ағызатын. Бірақ кейінгі жылдары өзен суы да төмендеп кетті. Қазір өзен бұлақ-бастаулармен толығып ғана ағып жатыр.

Алмас Садуақас, тілші:

- Осыдан біраз жыл бұрын ғана сайдағы  мына өзеннің су тасып, арнасынан асып, атты адамды ағызып кететін екпіні бар еді. Ал қазір судың деңгейі тізеге де жетпейді.

Көл суы мол болған жылдары ауылда арық жүйесі де болған. Ауылдың жүздеген түтіні бау-бақшасын сонымен суаратын. Бірақ қазір ирригациялық жүйе де жоқ. Өйткені әркім өз бетінше қақпаларын сыртқа шығарып, арық арнасын жауап тастаған. Бұған қоса Үмбетәліде ауыз су да тұрақты берілмейді. 

- Қашаннан бері жоқ. Күнде осылай ма?

Бақытгүл Рысбекқызы, ауыл тұрғыны:

- 1 жыл болды ғой. Осы түнде келеді сағат бір жарым, екілерде су. Таңертең сағат сегіз болмай кешке дейін өшеді. Күндіз су жоқ ғой міне. Судың пайдасын күнде көрмейміз. Түнде де жетістіріп жатқан жоқпыз. Осы ғой міне, су.

Жалпы Үмбәтәлі аулының айналасында үш көл бар. Барлығы Шолаққарғалы өзенінің суымен толығады. Ал өзеннің жоғарғы жағында күре жол бойында бірнеше карьер жұмыс істеп тұр. Олар да суды өздеріне бұрып, жасанды қоймаларға су толтырып жатқандықтан Шолаққарғалы өзенінің  деңгейі де түсіп кетті. Ал Жамбыл ауданы әкімдігінің басшылығы карьер мен кеуіп кеткен көл мәселесін бақылауда ұстаймыз деп уәде етті.

Әділбек Далабаев, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

- Осыны тазалап, осы жерге су түсіріп беруге ауыл тұрғындарымен кездесіп, сөйлесіп, бір келісімге келдік. Болашақта қыркүйек айына  таман ауылшаруашылық жерлердің суармалы жерлері тоқтайды. Сол суларға байланысты осы жерге тағы да су жібереміз. Алдағы уақыт арнаны біз жүйесіне, қалпына келтіреміз.

Ал ауылды ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуде туындаған мәселе жуық арада шешілмек. Өйткені жылдан жылға ауылдық округте жаңа үйлер салынып, тұтынушы абонент саны көбейгендіктен су қысымы жеткіліксіз болып отыр. Су сорғыш мұнараға жөндеу жұмыстары басталыпты. Бұған қоса әкімдік  мамандары  биыл Баймұрарт көшесіне асфальт төселеді деп отыр.

Авторлар: Алмас Садуақас, Эуард Кон

Сондай-ақ...