Өскеменде ковидпен күрес үшін ақы берілмеген дәрігерлер арызы бойынша сот басталды

Өскеменде коронавируспен күрес кезінде жалақысына толық қосымша ақы талап еткен дәрігерлердің арызы бойынша сот басталды. 

Өңірдегі 443 медициналық маман ақадал еңбегін Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен әлеуметтік медициналық қордың аймақтық филиалынан өндіріп беруді талап етіп отыр. Соттың алғашқы отырысында судья барлық тараптарды тыңдады. Сотқа шағым түсірген әрбір еңбеккердің  алашағы әртүрлі. Сондықтан әр шағым бойынша жеке тыңдау өтеді. Дегенмен, заңгерлердің айтуынша, сот отырысы барысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен әлеуметтік сақтандыру қорының жетекшісі төлемақы дауын өзара шешуге дайын екендерін мәлімдеген. 

Маржан Әуесова, заңгер: 

- Әрине жауапты басшылар  сот отырысында айтқан ой-пікірлерінен айнып қалмаса бәрі дұрыс басталды. Өйткені сотта түрлі жағдайлар болады. Дегенмен, олар медицина саласындағы барлық мәселеге бірінші басшы ретінде жауапты болғындықтан осы төленбеген қаржының төленуіне мүдделі. Сондықтан өз жұмысшыларының ұсынысын қабыл алады деп ойлаймын. Бірақ диалог енді басталды. Нақты шешім  қалай болатынын күту керек.