Павлодарда Усолка өзенінің түсі өзгерді

Ертістің бір аяғы жасыл түске боялды. Бұл өзеннің Павлодар облысы бөлігіндегі Усолка атты тармағы. Мамандар бұл балдырдың гүлдей бастауының салдары дейді. Бірақ себеп осы ғана ма? Ғалымдар не дейді?

Усолка - Ертіс өзенінің шағын тармағы. Су айдыны бірнеше күн бойы қою жасыл түске боялды.

Биолог-ғалымдардың пайымдауынша, су таязданып, жылыған соң бір жасушалы балдырлардың дамуына қолайлы жағдай туған. Соның салдарынан өсімдік гүлдеп, су түсін өзгертті.

Виктор Камкин, биология ғылымдарының кандидаты:

- Балдырлар өзеннің табиғи микрофлорасы. Бір жасушалы және жіп тәріздес балдырлармен планктондар қоректенеді. Яғни өсімдік Ертістегі балықтар мен өзге тіршілік иелерінің азықтық тізбегінің негізі. Сондықтан бұл табиғи құбылыс. Бірақ жаппай гүлдеу әдетте оқшауланған немесе ағыны жоқ өзектерде болады. 

Мәселенің мәнісін білу мақсатында мамандар өзеннің бойын бақылады. Балдырлар үш күн бойы гүлдеді. Биологтардың айтуынша, Усолка түсінің өзгеруіне адамның әрекеті әсер еткен. Аймақтағы су ресурстарына жауапты мекеме өкілдері бұл ақпаратты растады.

Қадылжан Сәтиев, облыстық қоршаған орта, жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасының басшысы:

- Ағын уақытша болмай қалды. «Яблонька» саяжай шаруашылығының өкілдері оңтүстік су жинауға апаратын жердегі шлюзді жабуды сұрады. Себебі бағбандар сол жерден бақшаларын суарады. Шлюздің жұмысы реттелген соң жағдай тұрақталды. Ағын болмай қалғандықтан балдырлар гүлдеп кетті.

Өсімдіктер өзен бойымен үш шақырымдық жерге тарап кеткен. Кейін гүлденуін тоқтатқан. Бір анығы, бұл судағы экологиялық тепе-теңдіктің уақытша болса да бұзылуы. Балдырлар суға биогенді заттардың, яғни қоқыстардың түсуінен де өсіп кетуі мүмкін. Сондықтан мәселені жан-жақты зерттеу қажет.

Антон Чашин, инженер-гидролог:

- Судың табиғи қозғалысы бұзылды. Салдарынан осындай жағдай туған. Бүгінде өзенде ағын пайда болып, бұрынғы қалпына келді. Балдырлар белсенділігін тоқтатты. Жағдай тұрақталмаса, өзенде батпақты өсімдіктер көбейіп кетер еді. Бұл балықтар мен жәндіктердің, жануарлардың өміріне де қауіп төндірері сөзсіз.

Татьяна Пономарева, биолог:

- Өзен жағалауын бақыладық. Ешқандай қауіпті жағдай жоқ. Әрине алаңдап қалдық. Жағдай қайталанбаса дейміз. Себебі суға тасталған кез келген органикалық немесе бейорганикалық заттар экологиялық жүйені бұзады. Халықтың мұны түсінгені абзал. Сонымен қатар өзен арнасын реттетуде мамандардың кеңесіне жүгінген абзал. Әйтпегенде жағдай қайталанып, қауіп төнуі әбден мүмкін. 

Облыстық экология департаменті тұрғындардың өтініші бойынша өзен суынан сынамаларын алған. Кешенді зерттеу жұмысының нәтижесі алдағы аптада белгілі болмақ.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат