Ипотекаға үй алғысы келетіндерге үміт бар ма?

Елде тұрғын үй саласын несиелендірудің жаңа механизмі қалыптаса ма? Ұлттық банк енді қандай қадамға барады? «7-20-25» және «Баспана хит» бағдарламалары толық жабылған соң халық қайда барып, қандай несие рәсімдейді? 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қазақстанның тұрғын үй нарығы кейінгі жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. Жыл сайын 15-17 млн шаршы метр баспана салынады. Оған қол жеткізудің сан түрлі жолдары бар. Бірақ халық арасында ең танымал «7-20-25» пен «Баспана хит» бағдарламалары енді бұл тізімде болмайды. Ал олардың орнына үкімет, Ұлттық банк және «Бәйтерек» холдингі бірлесіп, баламалы жол ұсынуы шарт. Мәселе қазір қарастырылу үстінде. Ұлттық банк бүгін жаңа механизм ойлап табылатынын жеткізді.

Осыдан 3 жыл бұрын іске қосылған «7-20-25» және «Баспана хит» бағдарламалары аясында 87 мың қазақстандық үйлі болды. Қатары тағы толушы еді, бірақ Ұлттық банкке қарасты Қазақстанның тұрақтылық қоры халықты баспанамен толық қамтып үлгірмеген 2 бағдарламаны тоқтату туралы шешім қабылдады. Анығы, алғашқысы биыл жыл соңында, ал екіншісі келер жылы жабылады. Бірақ қазірдің өзінде өтініш қабылдау кей банктерде тоқтатылған.

Бибігүл Балғынбекова, риелторлық компанияның операторлық директоры:

- Қазір халық жаппай банктерге ағылып жатыр. Бұл 2 бағдарламаның жақын арада тоқтайтынын естігендер үй алуға өтініш білдіруде. Олар келешекте мұндай механизм мүлде болмайды деген пікірде. Ал басқа шарттармен үй алғысы жоқ. Мәселен, баспананың 50 процент ақшасын жинап, сосын ипотекалық несиеге қол жеткізуге ниет білдірушілер аз. Оған көпшіліктің мүмкіндіктері де жетпейді.

"Баспана хит" арқылы екінші нарықтан, ал "7-20-25" аясында жаңадан салынған үйлерді алуға болады. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі әлдеқайда төмен. Енді екінші деңгейлі банктер тұрғын үй ипотекасын тек 15 процентпен немесе одан да көп мөлшерде береді. Алдыңғы 2 бағдарламамен салыстырғанда үстемақы 2 есе көп.

Әсем Қожахмет екінші деңгейлі банк директорының орынбасары:

- Халыққа біз де ипотекалық бағдарлама ұсына аламыз. Бірақ жылдық пайыздық мөлшерлеме 13 проценттен басталады. Алғашқы жарна 20 процент немесе одан да көбірек болуы мүмкін. Егер болмаған жағдайда қосымша мүлікті кепілге қойсаңыз болады. Несиені өтеу мерзімі - 20 жыл. Ай сайынғы төлемді ыңғайға қарай таңдай аласыз. 

Ұлттық банк өкілдері алдыңғы 2 бағдарламаға ұқсас жаңа механизм ойлап табамыз десе, Үкімет арендалық және кредиттік үй құрылысын жалғастыратынын айтты. Биыл жоспар бойынша мемлекеттік инвестиция есебінен 1,4 млн шаршы метр баспана салынады. 25 мың отбасы жаңа пәтерге ие болады. Бірінші кезекте әкімдіктің үй кезегінде тұрғандар баспанамен қамтылады.

Әзімбек Нәлібаев ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысы:

- Шаңырақ бағдарламасы аясында биылға 180 млрд қаражат қаралған. Сол қаражат арқылы займдар  кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады.++02:46 Мемлекет үкімет тарапынан "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жеңілдетілген займ бағдарламалары бар. Ол өз жалғасын табатын болады. 

Ел бойынша әкімдіктің үй кезегінде әлі 600 мың адам барын ескерсек, баспанаға мұқтаж жандар мәселесі жақын арада толық шешімін табады деу қиын. Проблема тіпті күрделеніп кетуі мүмкін. Себебі, халыққа тұрғын үй ипотекасын тиімді шартпен рәсімдеу жолдары қалмады. Баспаналы болам дегендердің ендігі үміті Үкімет пен Ұлттық банктің ұсынатын жаңа бағдарламасында.

Рауан Мыңбаев, Диас Қабланбаев