Алматыда дәрігерлерге арналған көрме ашылды

Алматыда әлемнің бүгінгі келбеті, яғни пандемияға байланысты көрме ашылды. Орталық музейдегі іс-шара коронавируспен күресте өмірін қауіпке тігіп жүрген дәрігерлерге арналған. Үш бөлімнен тұратын көрмеде бүгінгі күн кейіпкерлерінің портреттері мен осы тақырыптағы өзге де қылқалам туындылары қойылған.

Бұл өткен жылдан бері коронавируспен күресіп жатқан астаналық дәрігерлердің портреті. Індетке шалдыққандарды ажалдан арашалап жүрген әріптестерінің фотосын көрген Гүлмира Айнакөзова көзіне еркісіз жас алды. Өйткені Гүлмира да бір жылдан бері алматылықтарды коронавирустан айықтырып жүрген дәрігердің бірі.

Гүлмира Айнакөзова, «Фтизиопульмонология орталығы» МКК бөлім меңгерушісі:

- Былтыр індет жайылған кезден бері дәрігерлер үшін ең ауыр сынақ болып, әлі жалғасып келеді. Індет жұқтырғандарды емдеп жүріп өздері де ауру жұқтырып, ажалмен арпалысты. Күніне алты сағат бойына сусыз, тамақсыз бірнеше қабат қорғаныш киіммен жүру өте қиын. Жақындарымызды бірнеше ай бойы көрмедік.

Коронавируспен күресте ерлік көрсетіп жүрген дәрігерлерге арналған көрме үш бөлімнен тұрады. Жалпы саны 110 сурет қойылған. Бірінші бөлімде Нұр-Сұлтан қаласының ақ халаттылары қойылған. Екінші бөлім Алматыдағы балаларға арналған жұқпалы аурулар ауруханасының мамандарына арналған. Оған қоса коронавирустан жазылып шыққан 99 жастағы қарт пен сәбилердің суреттері бар.

Ғалия Теміртон, ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары:

- Үшінші бөлігі ол өте ерекше. Бұл жерде біз көбінесе өзіміздің Қазақстанның шығармашылық жолында жүрген азаматтардың оның ішінде суретшілер, ақындарымыздың шығармаларын көрсетіп отырмыз. Және де кішкентай бүлдіршіндер, балалардың да суреттері қойылған. 

Көрме ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі ел басына түскен ауыр сынақ ертеңгі тарих. Тарих батырларымен есте қалуы керек. Сондықтан бүгінгі күннің батырлары ертең ұмыт болмас үшін таспаланыпты.

Авторлар: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон