Елордада «Demalys Promenade» жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік ашылды

Арнайы аумақ Әзірбайжан Мәмбетов көшесінен басталып, Абай мен Кенесары көшесіне дейін жалғасады.

«Demalys Promenade» жаңа демалыс мекенінде суретшілер бұрышы, шахмат және ұлттық ойындарға арналған орындар бар. Сондай-ақ, онда ерекше инсталляциялар, бар-үстелдер және арт-нысандардан фото аймақтары орнатылды. Кейбір үйлердің қасбеттері граффитимен, және граффити-фестивальдеріне арналған құрылымдармен безендірілген. Сағат таңғы 10 жарымнан кешкі тоғыз отызға  дейін қала тұрғындарына арналған ойын-сауық бағдарламасы өтеді. Демалыс күндері шығармашылық ұжымдардың, концерттік ұйымдар мен театрлардың қойылымдары болады.

Есет Байкен, Сарыарқа ауданының әкімі:

- «Нұр-Сұлтан - жайлы қала» шеберлік-жоспарын іске асыру аясында бас қала Әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша қоғамдық орындар мен аулалардың құрылысы қолға алынды. Осылардың бірі – «DEMALYS PROMENAD». Біздің тұрғындар мен қонақтар үшін тағы бір тартымды орын пайда болды. Қаламыздың тарихи бөлігі одан да қызықты болатынына сенімдімін. осы алаңда әр аптаның демалыс күндері әртүрлі шығармашылық концерттер, бағдарламалар көрсетілетін болады.

Айта кетейін, жаздың басында Ж.Омаров көшесінде «Театр бульварының» бір бөлігі ашқан болатынбыз.

Бірыңғай жаяу жүргіншілер аймағында Sport and Dance алаңы да бар. Мұнда йога, латино билері тегін үйретіледі. Бұдан бөлек, демалыс күндері кітапсүйер қауымға арналған жәрмеңке-көрмелер де өтеді.

Сағаткүл Дүйсенқызы, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бөлімінің басшысы:

– Бұл кітап көрмесінде біздің классик жазушыларымыздың, бүлдіршіндерге арналған ертегілері, мифтары қойылып жатыр. 2000-нан аса кітап қойылды. Түрлі ойындарға қатысқаны үшін сыйлық  береміз. Әр жексенбі,сенбіде өтеді.

Жәди Шакенұлы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:

– Шараға өзімнің кітаптарымды әкелдім. Өзімнің 20-дай кітабым жарық көрді. 4-5 балаларға арналған кітаптарым арқылы балалардың санасын, сезімін жетілдіріп, олардың елге, жерге еңбек етуі – барлығымыздың борышымыз.

Демалыс орны Мәмбетов көшесінен басталып, ескі Арбаттың аумағына жалғасады, «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінен өтіп, қалалық саябақтың амфитеатрында аяқталады.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Наурыз Базаров