Маңғыстауда 40 мыңға жуық тұрғынның коммуналдық төлемақысы өтелді

Маңғыстауда карантин уақытында 40 мыңға жуық тұрғынның коммуналдық төлемақысы өтелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үшін қазынадан 1 млрд-тан астам қаражат бөлінген. Әкімдіктегілердің айтуынша, мамыр және маусым айларының берешегін жаптыруға 41 мың өтініш келіп түсіпті. Арнайы комиссияда әрқайсысы қаралып, тек мұқтаждарға төленген. Мұндай көмек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мүгедектерге, көп балалы отбасылар мен соғыс ардагерлеріне, жалғызбасты зейнеткерлерге көрсетілді. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасылардың тағы бір ерекше қуанғаны – несиенің өтелуі. Тапқан табысы ас-суынан артылмайтын Айтбике Жиемұратова үшін бұл күтпеген жаңалық. Жәрдемақыға күн көріп отырған 6 баланың анасы несиесін уақытылы төлей алмапты. Соның салдарынан 200 мың теңге үстеме қосылған. Қарызы еселенген қиын шақта көмек көрсеткендерге алғысын айтты.

Айтбике Жиемұратова, көп балалы ана:

- Банктен кредит алдым, үйдің керек-жарағына. Телефон, телевизор дегендей. Айына 25-30 мың төлем болды, төлей алмадық. Жәрдемақыдан ауыспайды. Үкіметке алғысымыз шексіз, 300 мың теңге несиемді жауып берді.