Павлодарда музыка мектебі қайта ашылды

Павлодар облысының Успен ауданында осыдан 30 жыл бұрын жабылып қалған музыка мектебі қайта ашылды.

Білім ордасы өнерлі жастардың жұлдызын жағып, болашағына жол ашады деп үміттенеді ұстаздар.

Қазір оқушылар үшін жазғы мектеп жұмыс істеп тұр. 1982 жылдан бастап музыка мектебі жабылғанша қызмет атқарған Лилия Леонтьева бұрынғы қызметіне қайта кірісті. Ол балаларға сольфеджио және фортепианодан сабақ береді.

Лилия Леонтьева, Балалар музыка мектебінің мұғалімі:

– Қаржылық қиындықтарға байланысты музыка мектебі жабылған кезде біз қатты күйзеліске түстік. Өйткені ғимаратымыздан айырылып, оқушыларды таратуға мәжбүр болдық. Енді міне ұзақ жылдардан кейін ауданымызда музыка мектебі қайта ашылды. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймыз.

Музыка мектебінің ашылғанын естігенде аудан халқы үйлеріндегі музыкалық аспаптарды әкеп тапсырған. Игі бастамадан демеушілер де шет қалмапты.

Успен ауданындағы музыка мектебі осыдан 30 жыл бұрын жабылып, оның мүлкі талан-таражға түскен екен. Бірақ сол кезде жұмыс істеген мұғалімдер кейбір оқу-әдістемелік құралдар мен нота дәптерлерін сақтап қалыпты.

Қазір ата-аналар балаларын жаппай музыка мектебіне беріп жатыр. Қысқа мерзімде домбыра ансамблі құрылыпты. Бір қызығы оқушылар мен бірге аудан әкімі Николай Дычко да домбыра үйірмесіне қатысып жүр.

Николай Дычко, Успен ауданының әкімі:

- Күй маған шабыт береді. Домбыра тартып қана қоймай әр күйдің тарихын зерттеймін. Құрманғазы, Дәулеткерей сынды дәулескер күйшілермен қатар жаңа авторлардың күйлерін үйреніп жүрмін. Әр шығарманың өз аңызы, тарихы, дәстүрі және тереңдігі бар.

Шәкіртінің өнеріне ұстазы да лайықты бағасын беріп отыр. Аудан облыстық дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп –интернаты, музыкалық колледжімен өзара әріптестік орнатқан.

Өркен Қайыргелдіқызы, Павлодар музыка колледжінің ұлт аспаптар бөлімінің меңгерушісі:

– Мен осы мектепке әдістемелік жұмыстан көмектесіп отырамын. Сонымен қатар осы домбырашылар оркестрі, домбырашылар ансамбльінде ойнап жүрміз. Балалардың ынтасы өте жақсы, балалар өте талантты.

Алдағы домбыра күніне дайындық қызған. 26 маусымда аудан әкімі бастаған 70 домбырашы өнер көрсетеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат