Қапшағай су қоймасындағы жағдай жұртшылықты алаңдатып отыр

Алматы облысындағы суармалы алқаптарға биыл су жеткілікті көлемде беріліп жатыр.

Өткен жылы Жетісу жерінде орналасқан қоймалардағы судың деңгейі шамамен 10 есеге дейін төмендеп кеткен еді. «Биыл олардың толтырылуы 80 – 85 проценттік межеге жетті. Сондықтан өңірдегі 500 мың гектардан астам суармалы алқапқа биыл ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – деді Алматы облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар. Дегенмен Қапшағай су қоймасындағы жағдай жұртшылықты әлі күнге дейін алаңдатып отыр. Қапшағайдан Ілеге секундына 500 текше метр су жіберілсе, аталған трансшекаралық өзенге көрші елден су одан әлдеқайда аз мөлшерде келіп жатыр. Ол өз кезегінде қоймадағы су деңгейінің төмендеуіне әкеп соғады. Жағдайды реттеу үшін суды көп қажет ететін дәнді дақылдар алқабы барынша азайтылып, есесіне жүгері мен масақты дақылдар, бау-бақша өнімдерінің көлемі айтарлықтай көбейген.

Медет Керімжанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Былтыр облыс бойынша 14 мың гектардай жер сусыз күйіп кеткені бар. Биыл жағдай қалыпты. Өзендердегі сулар нормадан төмен болса да, биылғы егінге жеткілікті. Қаратал және Балқаш аудандарында күрішті 2 мың 400 гектарға азайттық. Облысымыздың ең ірі өзені –Іле өзені. Бүгінгі келіп жатқан су секундына 346 текшеметр. Былтыр тура осы көрсеткіш секундына 228 кубометр болған. Су қоймасының деңгейі түсіп бара жатыр. Басқа аудандарда судың мәселесі қалыпты.