Елордада арнайы құпия жасақ кімдерді ұстады?

Нәтижесінде «Ашық» қосымшасы жоқ яки демалыс күндері түнгі 02:00-ден кейін жұмыс істеген бірқатар нысанның қызметі тоқтатылып, оларға айыппұл салынды.

Сонымен «Арланның» жігіттері кімді ұстады?

Қорған Төреқожа, тілші:

- Бұл бір апта бұрынғы рейд. Рейд деуге келе ме? Әкімдік өкіліне, аумақтық полиция инспекторына бірқатар нысан есікті ашпай қойған. Іштен іліп алып, клуб, барлар жұмыс істей беретін. Ал, өткен демалыста бәрі басқаша болды. Есесі кетіп жүрген мониторингтік топ осы жолы «Арлан» арнайы жасағының жігіттерін алып шықты. Ашылмаған есіктер ашылды. Бұрынғы екпін басылды.

Бұл қаладағы ең қымбат деген аты дардай клуб, барлар. Мұндағы күзетте тұрғандар да еңгезердей, күрзідей жұдырығы бар жігіттер. Олармен сөйлесудің өзі оңай емес. Санитарлық талапты елемей, жұмыс істеген нысандарды қорғай сөйлеп, зіркілдеген күзетті арландықтар тәубесіне түсірді. 

Соңғы уақытта ешқандай ескертуге құлақ аспағандықтан бүгін міне, рейдке арнайы жасақ «Арланның» жігіттері бірге шықты.

Арнайы жасақтың жігіттеріне ұсталғандар полиция департаментіне жеткізіліп, оларға санитарлық ережелер түсіндірілді.

Жалпы мұндай нысандар сенбі, жексенбі күндері «Ашық» қосымшасы болған жағдайда түнгі 02:00-ге дейін жұмыс істей алады. Ал, «Ашығы» жоқ бизнес нысандарының жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Қазір түнгі үш. Ал, елордадағы барда бірнеше жүз адамның демалып отырғанын көруге болады. Қазір міне, барлығы арнайы жасақ «Арлан» келген соң сыртқа шығып кетіп жатыр. Көріп тұрғанымыздай, міне, шөлмектер, ашылған бөтелкелер.

Атап өтейік, «Ашық» қосымшасына тіркелген нысандар сенбі-жексенбіде түнгі екіге дейін жұмыс істей алса, дүйсенбі мен жұма аралығында 22:00-ге дейін ашық тұрса рұқсат.

Еркебұлан Сүйентаев, Есіл ауданы әкімі аппаратының бас маманы:

- «Ашық» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайтын объектілер карантин режимін бұзған жағдайда мемлекеттік бас дәрігердің қаулысы бойынша екі жетіге«Ашық» бағдарламасынан шығарылады. Ал, екі мәрте бұзса, екі айға шығарылады.  

Сонымен рейдтің соңы не болды? Есіл ауданындағы екі нысанның жұмысы 2 аптаға тоқтатылды. Екеуінде де «Ашық» қосымшасы болған. Бірақ олар түнгі екіден кейін жұмыс істегендері үшін айыпты болды. Ал, тағы екеуіне айыппұл салынды. Бірақ олар екіге дейін жабылған. Алайда «Ашықта» тіркелмеген екен. Жалпы жыл бсынан бері бір ғана Есіл ауданы бойынша санитарлық талапты елемеген бизнес өкілдері 20 миллион теңгеден артық айыппұл төлеуге міндеттелді. 10 нысанның жұмысы бір айға тоқтатылды.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Арман Ақшабаев