Елордалықтар қазір қайда қыдырады?

Коронавирус пандемиясы басталғалы шекара асып, шетелге шығу қиындап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Есесіне ішкі туризм дамып келеді. Әсіресе, бір күндік туристік турлар трендке айналды. Алматыда табиғат аясына, Түркістанда киелі орындарға барушылар көп. Ал елордалық қонақтар қайда қыдырады?

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- «Бәйтерек», «Думан», EXPO. Елорда дегенге ең алғашқы осы нысандар ойға келеді. Бірақ қаланың көкжиегі кеңейіп жатыр. Сәйкесінше, көрікті орындар да қазір көп. Осы орайда біз қала қонақтары мен елордалықтар үшін қызық болатын үздік орындар тізімін жасадық. Біздің үздік бестікте Ботаникалық саябақ бірінші орында.

2018 жылы ашылған Ботаникалық бақ қазіргі уақытта қала тұрғындарының серуендейтін сүйікті демалыс орындарының бірі. 92 гектар жерді алып жатқан ботаникалық бақтың аумағы саябақ және ботаникалық аймақ болып екіге бөлінеді. Қаладағы ең ұзын вело және жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен спорт алаңдары да осында орналасқан.

Назерке Мұсабекова, қала тұрғыны:

- Ең бірінші аралаған кезде негізі «Әзірет сұлтан» мешітінен бастаймыз. Сондан кейін паркке, «Атырау» көпірін көрсетеміз. Енді осы жылы анамызды Ботаникалық саябаққа алып келіп отырмыз бірінші рет. Негізі алдыңғы жылы ағаштар кішкентай болды. Осы жылы қараған кезде біршама өсіп қалған. Күшті көлеңке бар.

Негізі кішкентай балаларға да осы жерде демалуға барлық жағдай жасалған.

Тұрсын Мұсабекова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Таза ауа келіп тұр сумен бірге. Ауа кәдімгідей адамға энергия береді екен. Әрі қарай қазанға барып келдім, өзіміздің қазақи табиғат, қазақтың қазанын көргендей болып қайтып келе жатырмын. Өте жақсы, Өсіп тұрған гүлдер, ағаштар кәдімгі бір жақсы демалып қалдым. Мен Алматыдан келдім.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Қазақстан-Корей саябағы. Туристер үшін таптырмайтын орын. Бұл жердің біздің тізімге енуі беркер емес. 2017 жылы ашылған саябақ Қазақстан мен Корея арсындағы ынтымақтастықтың бір белгісіне айналды десек те болады. Ал бұл жердің басты атрибуты «Достық» қоңырауы.

Шағын саябақ «Жетісу» паркінің аумағында орналасқан. Мұнда келушілер ерекше қақпалардың арасынан өтіп, корей халқының дәстүрлі сәулет нысандарын көре алады.

Нұрай Жандыбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Мен Ақтөбеден келгенмін. Мына Корей саябағы ұнады маған. Өте керемет, жақсы.

Ерекше жерлерді тізгенде Жетісу саябағындағы мына сырғанаққа да көзіміз түсті. Бір қарағанда аквапарктегі сырғанаққа ұқсайды. Мүмкін шеттеріндегі жасанды пальмалардың әсері болар. Бірақ шын мәнінде бұл жеті жастан асқан балалар мен ересектерге арналған үлкен сырғанақ.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Керемет сезім. Мына кішкентай қызға қарағанда мен көбірек қорыққан сыңайлымын. Бұның биіктігі 15 ал ұзындығы 55 метр. Шамамен 5 секундтың ішінде балалық шаққа қайта оралуға болады.

Қаланың кішкентай тұрығындары үшін жазда «Жетісу» саябағында да қызық көп. Түрлі аттракциондармен қатар, ойын алаңдары мен субұрқақтар бүлдіршіндердің көңілін аулайды.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Салауатты өмір салты қазір сәнге айналды. Сәйкесінше, спорт алаңдары да көптеп ашылып жатыр. Мысалы елордадағы «Арқар» көпірінің астында ерекше баскетбол алаңы ашылды. Бұл жер қала қала тұрғындары мен қонақтары үшін, әсіресе, спортты жақсы көретін жасөспірімдер үшін таптырмайтын орын.

Триатлон паркінің маңындағы алаң бірнеше бөліктен тұрады. Біріншісі баскетбол алаңы, одан кейін балалар алаңы және соңғысы спорттық жаттығуларға арналған.

Сәуле Жәдігерова, қала тұрғыны:

- EXPO, «Бәйтерек» бұрыннан келе жатыр ғой. Оны елдер фотодан да, видеодан көрді. Енді бұл жерлерді әлі ешкім көрмеген. Осындай жерлер көп ашылса, теледидардан көп көрсетсе, онда көріп келетін едік. Мен мысалы, мына парктің ашылғанын жаңа жолдасымнан білдім. Сосын жолда өтіп кетіп бара жатып,  жолдан көріп осында келдік. осында келдік осындай парктер көп ашылса екен.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Елорда туристерді таңқалдырудан жалықпайды. Көрікті орындарды аралап, саябақтарда серуендеп суретке түскеннен кейін қаланың қақ ортасында киіз үйге келіп, қымыз іше аласыз. Әсіресе, шетелдік меймандар үшін осындай қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін орындар өте қызық болады деп ойлаймыз.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров