Екібастұзды дамытудың орта мерзімді стратегиясы әзірленбек

Қазір қала экономикасының 65%-ін отын-энергетика кешені құрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы уақытта бұл тәуелділікті 40%-ке азайту қажет. Ал кәсіпорындардың әлеуеті қандай? Мамандар жаңа талаптарға сай болуға дайын ба?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елде қолданылатын электр қуатының 19%-і Екібастұзда өндіріледі. 40 жыл бұрын негізі қаланған №1 мемлекеттік аумақтық электр станциясының жалпы қуаты 4000 мВт болатын. Алайда қазір 3 мыңдай ғана өндіріледі. Толық қуатына жеткізу үшін №1 блокты жаңғырту қажет. Оған 124 млрд теңге бөлінген.

Еділ Көпенов, Екібастұз 1-МАЭС бас директоры:

- Екібастұз 1-МАЭС 4000 мВт шығарған кезде жоспарлаған энергия қуаты 19 млрд 300 млн болса, ол көрсеткіш бірінші блок қосылғанда 23-24 млрд-қа жетеді бұйырса

Жыл басынан бері мұнда 9 млрд кВт/сағат энергия өндірілді. Қазір 5 бірдей энергоблокқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Өйткені алдағы жылыту маусымына сақадай сай отыру міндет. Ал оқтын-оқтын көтеріле беретін тариф мәселесін мамандар былай түсіндірді.

Еділ Көпенов, Екібастұз 1-МАЭС бас директоры:

- Бірінші сәуірден бастап бізде тариф көтерілді. 7,25 теңгені құрайды қазір. Тарифтің ішінде бөлінеді ғой. Ең көбі көмірдің бағасы. Басқа заттар бар. Көмір көтерілсе, теміржол көтерілсе, су көтерілсе, сонда бізге міндетті түрде тарифті көтеру керек.

«Богатырь көмір» кәсіпорны жыл он екі ай көмір өндіреді. Қақаған қыс тұрмақ пандемия да өндіріске кедергі болмаған. Жарты ғасырлық тарихы бар нысанда өзімен құрдас техникалар жұмыс істеп жүр. Бұл роторлы экскаваторды заманауи технологиямен алмастыру көзделген. Әзірге жұмыс істеп тұр. Шағым жоқ.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- «Богатырь көмір» кен орнында мынадай 9 экскаватор бар. Техника ескірді, әрине. Қазір мұнымен бір вагон составына көмір тиеу уақыты 16,5 сағатты алады. Ал жаңа циклмен бұл уақытты 25%-ке қысқартуға болады.

Жаңа кешен 2 жылдан бері сыналып келеді. Нәтижесін берсе, келесі жылы толық іске қосылмақ. Ол үшін Еуразиялық даму банкінен 196 млн еуро қарыз алынған.

Мерхат Мұсанап, «Богатырь көмір» ЖШС бас директордың орынбасары:

- Бұл жобаның арқасында өндіріс көлемін жылына 50 млн тоннаға дейін жеткізе аламыз. Биыл 42 млн тонна көмір өндіруіміз керек. Разрез тереңдігі 250 метрге жетті. Оны әлі де тереңдете түсу қажет. Ал тұтынушыларымыздың 70%-і еліміздегі жылу электр генераторларға, қалғаны Ресейге кетеді.

Екібастұз экономикасының 65%-і осы отын энергетикалық кешеніне тиесілі. Алдағы уақытта кәсіпорындарды химиялық тұрғыда дамыту міндеті тұр. Демек, жарты жылда дайын болатын стратегиялық жоспарда мамандарды қайта даярлауға ден қою қажет. Мақсат – отандық ғылымның жетістігін іске асыру мен жастарды жаңа технологияға баулу. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарағойшы