Онколог мамандар қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға тегін кеңес береді

Онколог мамандар қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға тегін кеңес береді

Еліміздегі томотерапия және ядролық медицина орталығының мамандары қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға тегін кеңес береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Обырды сәулелік томотерапия аппаратымен емдеу ел азаматтары үшін арнайы квота арқылы ақысыз жасалады.

Айта кету керек, бұған дейін қазақстандықтар мұндай ем-шара үшін шетелдік мамандардың көмегіне ғана жүгінетін.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Біз онкологиялық томотерапия орталығында жүрміз. Мұндағы радиациялық онколог мамандар науқастарға тегін кеңес береді. Осы арқылы келушілерге дәрігердің нұсқауына сәйкес ем тағайындалады.

Бұл орталықта обырды сәулелік томотерапия арқылы емдейді. Ашылғанына көп бола қоймаса да, аты жаман аурудан емделіп шыққандар бар. Мәселен, 2019 жылы 2000-нан астам науқас ем-шара алса, өткен жылы бұдан екі есе көп адам дертіне шипа тапқан. Бір ерекшелігі, мұнда тек амбулаторлық емдеу жүргізіледі.

Ержан Шаяхметов, Томотерапия онкологиялық орталығының директоры:

- Бізде төсек жоқ. Науқастар тек қана амбулаторлық ем алады. Бұл өте жақсы. Себебі шет елде де мұндай науқастар амбулаторлық түрде өтеді. Ем алатын кезде ғана келіп, үйіне кетеді. Бұл неге жақсы. Онкодиспансерлдерде науқастар бірге жатады. Бұл кішкене психологиялық жағынан қиындау. Анаған жақсы боп қалды, маған неге жаман боп қалды деп алаңдайды. Ондай бізде жоқ.

Дәулет Қуатбекұлы, радиациялық онколог:

- Осы қазіргі кезде бізге келген әрбір науқасқа кеңес тегін. Шетелдік азаматтар болсын, ел азаматтары болсын тегін кеңес беріледі. Тағыда біз онлайн консультация өткіземіз.

«Мұндағы дәрігерлер әлемде томотерапия аппаратының қыр-сырын білетін мамандар аз», - дейді. Десе де, орталық ашылғалы бері медициналық физиктер мен радиациялық онкологтар мұхит асып білімін жетілдіріп келген. Шетелдік білікті мамандардан арнайы тәлім алыпты 

Борис Цой, Радиациялық онкология бөлімінің меңгерушісі:

- Мұнда радиациялық онкологтар мен медициналық физиктердің жұмысы қатар жүреді. Себебі, түрлі сатыдағы қатерлі ісікті емдеуде бір бағыттағы маманның көмегі жеткіліксіз. Бүгінде бізге күніне 30-дан астам адам көмекке жүгінеді.

Орталық Азияда теңдесі жоқ орталықта бүгінде көршілес елдерден арнайы келіп ем-дом қабылдайтындар бар екен. Қазір медициналық мекеме «GCI» халықаралық аккредитациясын алуға ниетті. Әлемдік стандарттарға сай құжат қолға тисе, Қазақстанның медициналық туризміне елеулі үлес қосамыз деп отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ерзат Зайтхан