Атырауда кәріз суын өңдейтін экологиялық жоба қолға алынды

Атырауда тәулігіне 100 мың текше метр кәріз суын өңдейтін 2 су тазалау қондырғысының құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс орталығы үшін осындай бірыңғай жүйенің болмауы үлкен проблемаға айналып келген еді. Себебі, Атырау мұнай өңдеу зауыты мен 300 мыңға тарта халқы қаладан шыққан лас сулар өңдеусіз, ашық аспан астындағы полигондарға айдалады. Оның иісі қала тұрғындары мен іргелес ауыл адамдарының орынды наразылығын туғызып отыр. Жыл санап өсіп келе жатқан Атырау қаласынан тәулігіне 15-17 мың текше метр ақаба су шығады екен. Осыны ескерген жергілікті билік қаражат көзін тауып қаланың екі шетінен кәріз суын тазалау қондырғыларының құрылысын қолға алды. Осы заманғы ең озық технологияға негізделген жобаның бағасы 18 млрд теңгеден асады. Бұл жерде ақаба сулар сүзгіден өтіп, зарарсыздандырылып, егістік пен жазғы су құбырларына жіберілетін болады. Жоба 3 жылға есептелгендіктен бөлінген қаражат кезең-кезеңімен игерілуде. «Кәріз суын тазарту қондырғылары толық іске қосылғанда қала экологиясына қатысты пробелмалар толық шешіледі», - дейді қала басшылығы.

Қайрат Оразбаев, Атырау қаласының әкімі:

- Біріншіден, жаңа су бармайды, ескі судың көлемі азаяды. Сосын биыл солтүстіктегі буландыру алаңының мәселесі биыл шешіліп, 400 млн-ға жақын қаражаты көзделген. Тазалау жұмыстары басталады. Сондай жұмыстар оң жақ бетте де басталады. Бұл құрылыстар жаңа суды алаңға жібермейді. Екіншіден, бар судың астындағы ластықтарды тазалап, иісті азайтады.