Семейдегі перинаталды орталық жанынан балаларды оңалту мекемесі ашылады

Әлеуметтік мекемені ашу туралы облыс әкімі бастама көтерген еді. Енді «ҚР Тұңғыш Президенті қоры » қолдау көрсетіп, бұл жоба осы күзде іске қосылмақ. Ғимарат құрылысына облыстан  қосымша 105 млн теңге қаражат бөледі.

Жалпы шығыс өңірі балалардың оңалту орталығына бұрыннан мұқтаж. Себебі аймақта жылына 100 мыңға жуық бала түрлі дертке шалдығады. Ал олардың 800-дейі шала туылатын сәбилер. Жаңадан бой көтеретін нысан болса, нәрестенің туғанынан бастап кәмелет жасқа толғанға дейін денсаулығын нығайтуға көмектеседі.

Мамандардың айтуынша, кешенді ем-домды қарастыратын мұндай бірегей орталық елімізде алғаш рет ашылып отыр. Ал «ҚР Тұңғыш Президенті қоры» мұнда жаңа қондырғылар алуға және қызметкерлердің шет елдерде тәжірибе жинақтауына сеп болған.

- Кадры подобраны. Штатное расписание есть, и мы обеспечим 60 новых рабочих мест.

Ал жаңа орталықта бір мезетте 85 бала оңалтудан өте алады. Оларға мұнда тірек-қимыл жүйесі, жүрек аурулары, түрлі операциядан кейінгі реабилитация және сәбилердің патологиялық ауруларына қарсы ем-дом шаралары жасалады.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Ана мен бала денсаулығы – біздің басты назарымыздағы мәселелердің біріі. Біз биылғы жылы ең алдымен алыс аудандардағы перзентханаларды жаңа техникалармен қамтамасыз етеміз.

Ал мұнда туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі балалар оңалтудан өтеді. Бұл өте маңызды бағыт. Мұндай орталық Қазақстанда жоқ. Бұдан басқа келесі ғимараттағы жөндеу жұмыстарын біз 4 аптадан кейін толық бітіреміз. Кейін ол перинаталды орталық ретінде жұмыс істейді. Біз оған әлемдік стандарттарға сай келетін қондырғылар сатып алдық.

Мамандардың айтуынша, жаңа орталық жылына 4 жарым мың балаға қызмет көрсетеді. Ал оның ғимаратын салып бітіруге облыстық әкімдік қосымша 100 млн теңгеден астам қаражат бөлмек. Нысан бұйыртса осы күзде ашылады. 

Дамир Берікұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов