Ұлытауда балбал тастар азайып барады

Қарағанды облысының аумағында көнеден қалған балбал тастардың саны азайып барады. «Бабалар ізімен» экспедициясы ұлт ұясы - Ұлытауға барғанда осыған көз жеткізді. Жоба жетекшісі Сапар Ысқақов бастаған ұжым Едіге тауының етегіндегі ескі қорымдардың да жағдайымен танысты. 

Орталық Қазақстан тарихи ескерткіштерге бай өңір. Алайда мұнда адам бейнесіндегі балбал тастар жыл сайын сиреп барады. Өйткені исламға дейінгі дәуірдің сырын сақтаған гранит тастарды қирату мен ұрлау жағдайлары азаймай отыр, дейді жергілікті музей қызметкерлері.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Жалпы Ұлытау ауданында 30-ға жуық балбал тас бар. Біз қазір Едіге тауының батысында орналасқан Жылысайдамыз. Тарихшылардың айтуынша, мұндағы балбал мен тас шарбақтар түркі дәуіріне жатады.

Аспан астындағы жәдігерлерді барынша сақтап қалу үшін «Ұлытау» ұлттық қорық-музейінің қызметкерлері далалық тексеріс жұмыстарына ұдайы шығып отырады. Бірақ қайткен күнде де аудан орталығынан шалғай орналасқан қорымдарды мемлекет қорғауына алу керек, дейді мамандар.

Азат Сабыржан, «Ұлытау» ұлттық қорық-музейінің қызметкері:

- Арнайы өлкетану экспедициясы деген бар. Соған байланысты өзіміз шығып, қорғау сақтау ретінде суретке түсіріп, жазып қарап отырамыз. Қаншалықты жиі шығасыздар? Енді бұл жерге күнделікті шыға бермейміз. Бірақ шама келгенше өз ескерткіштерімізді қорғауға деп арнайы бір уақыт бөлеміз.

Қорғантас іргесіндегі құнды мұралардың пайда болуына қатысты болжамдар әртүрлі. Мәселен, бірқатар балбал айналасына шоғырланған мына шағын тастар жеңілген жаулардың тізбегі ретінде қойылған деседі. Ал екінші нұсқа бойынша бұл сол кездегі ықпалды тайпаларға бағынған саны аз ру өкілдерін бейнелеуі мүмкін. Сапар аясында «Айбас дарасы» археологиялық кешенінің Арғын Төртуыл қорымына да ат басын бұрдық.

Бахтияр Қожахметов, «Ұлытау» ұлттық қорық-музейінің директоры:

- 18-19 ғасырлардағы қорым. Жоңғарлар Ұлытаудан кеткеннен кейін осында арғындар келіп орналасқан. Сол төртуыл арғындар осы жерде болған. Бірақ кейін Павлодар жаққа қарай ауысып кеткен. Бұл жерде олар 150-200 жылдай тұрды. 1993 жылы үкімет арнайы үкім шығарып Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени қорық мұражайын ұйымдастырды. Оның бірінші мақсаты осы Ұлытау төңірегіндегі ескерткіштерді қорғау, зерттеу және насихаттау. Жалпы 25 кешен бар. Олар әр жерде орналасқан. Мына кешен Едіге кешені деп аталады. Айтамыз ғой мынау, Дешті Қыпшақ жері деп. Сол сияқты Батысқа да, Шығысқа да осы мәдениет жақсы дамыған. Соның көрінісі, соның дәлелі мен куәсі осы адамтастар.

Көрнекті ғалым, археолог Әлкей Марғұланның зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, өткен ғасырда Ұлытау даласында 150-ден астам балбал тас болған. Өкінішке орай, қазір жартысынан астамы жоқ. Бірқатары көрші елдердің музейіне әкетілсе, енді бір бөлігі табиғи процесс салдарынан бүлініп жойылған. Қалғанын ұрлап, құрылыс материалы ретінде де қолданған. Жалпы ұлы дала төсіндегі мүсіндер тас дәуірінен бастап қола, сақ, ғұн, түркі және оғыз-қыпшақ кезеңдеріне тиесілі.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Бірінші көрген тас ол түркі дәуіріндегі балбал тас болуы мүмкін. Бұл 6-8 ғасыр. Ал қазіргі балбал тастар бұлар кішкене кейінірек 8-12 ғасырлар. Мүмкін 13-ғасыр. Бұл қыпшақ дәуірі, деп өзім болжаймын. Әрине оны ғалымдар шешеді. Ол үшін зерттеу керек. Қазір Қазақстан территориясында мұндай балбал тастар азайып кетті, өкінішке орай. Бұл бабаларымыздан қалған естелік. Сондықтан қорғауымыз керек. 

Ресми деректерге сәйкес, Ұлытау баурайында барлығы 382 ескерткіш бар. Ал археологтардың сөзіне сенсек, олардың саны 10 мыңнан асуы мүмкін. «Бабалар ізімен» экспедициясы облыс бойынша сапарын ары қарай жалғастырады. Келесі аялдама «Бұланты» мемориалдық кешені мен Шет ауданындағы «Қаражартас» қорымы болмақ.

Автор: Мирлан Алтынбек