БҚО-ның Чапаев ауылындағы халық тұтынатын су кір жууға да жарамайды

Судың берілуін сарылып күтіп, одан соң оның тұнғанын сағаттап тосып отыруға тура келеді. Бұл Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауылындағы жағдай. Лайланған суды ішу былай тұрсын кір жууға да келмейді дейді тұрғындар. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылда 10 мыңдай адам тұрады.

Ұлдай Айтжанова Чапаев ауылының байырғы тұрғыны. Қазір зейнет жасында. Көп уақыты үй шаруасын қамдап, немерелердің тәрбиесімен айналысуға кетеді. Ауылымыз аудан орталығы болған соң біраз мәселе шешілген. Қинап тұрған бір ғана мәселе ауыз судың сапасына қатысты. Кестемен берілетін су сыздықтап ағатыны аздай кейде ішуге де жарамсыз, дейді ол.

Ұлдай Айтжанова, Чапаев ауылының тұрғыны:

- Мұны жақын арада алдым. Іші деген қақ тұрған. Әлсін-әлсін тазалай береміз. Су лай, сап-сары болып келеді, ыдыстың бәрін бүлдіреді. Балаларға су ішуге мүлде жарамсыз. Тамаққа пайдаланамыз амал жоқ. Балаларға арасында аптекадан алып береміз, өне бойы аптекадан алып бере беруге де. Төрт немерем бар. Арасында дүкеннен сатып аламыз.

Самал Елеусінова, Чапаев ауылының тұрғыны:

- Біздер аптекадан сатып алып жатырмыз суды. 20 литрлік сатып аламыз 600 теңгеден. Енді өзіміз үшін ғой. Суды бір-екі сағат береді де айырып тастайды. Сыздықтатып та бермей қалады кей уақытта. Жаз шықса жылда солай.

Аудан орталығындағы сорғы станциясы 15 жыл бұрын жөндеуден өткен. Ол кезде Чапаев ауылындағы халық саны 8 мыңдай еді. Қазір 10 мыңнан асып кетті. Жазда тұрғындар тұтынатын су көлемі екі есеге, яғни тәулігіне 800 текше метрге дейін ұлғаяды. Әсіресе демалыс күндері қиын. Кестеге көшудің де басты себебі осы екен. Мұқтаждықтан толық арылу үшін тағы бір су қоймасын салу қажет.

Әлжан Досмақов, коммуналдық кәсіпорын басшысы:

- Мына жерде көріп тұрғаныңыздай бұл су мұнарасы 50 кубалық, бұл аздық етеді. Неге десеңсіз болашақ жоба бойынша тағы бір 50 кубтық су мұнарасын қоямыз. Сосны Чапайдың қақ ортасына ауылдың тағы бір 50 кубтық су мұранасын қоямыз. Неге десеңіз анда бізде 2 қабатты кварталдар бар. соларға біз көтере алмаймыз. Халықтың наразылығы ең біріншісі судың лайлығы. Енді суды бұрын халық аз болғанда екі-үш күн тұндырып таза суды беріп отырдық. Ыссы кезде мұндай мүмкіндік жоқ, ұңғымадан келген су тікелей кетеді халыққа. Мұнда тазарту қондырғысы бұрыннан болмаған.  

Былтыр су құбырын қайта құру жобасы қолға алынды. Қазір мердігерлер ұсынған жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

Мейрам Қайыржанов  аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

- Жоба бойынша 130 шақырымнан астам су құбырын салу, 4 ұңғыма салу, 2 резервуарды қайта жөндеп жаңа 1 мың кубтық резервуар салу жоспарлануда. Қазіргі таңда жоба сараптамадан өткізілуде, болжамды құны 1,8 миллиард. Ол қаражат республикалық және облыстық бюджеттен қарастырылатын болады. 

Сорғылардың қуатын көбейтуге болар еді. Бірақ ұңғымалардағы жерасты суы тым азайып кеткен. Су болмаған соң 8-10 текше метрлік қуатты сорғылар жиі істен шығып, орнына сағатына 3 ақ текше метр су соратын сорғылар қойылыпты. 16 жыл бұрын жерасты суын барлаған гидролог мамандар тіршілік нәрі кемі 50 жылға жетеді деп болжаған. Бірақ осы жылдар ішінде Жайық суының 3 есеге азайып кеткені рас. Сондықтан жерасты суларына қайтадан барлау жұмыстарын жүргізіп, жаңа ұңғымалар қою қажет. Халықтың да сұрап отырғаны осы, дейді мамандар. 

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов