Құлсары халқы масаға таланды

Құлсарыдағы жұрттан маза қашты. Мазаны қашырған маса. Әдетте күн бір ысығанда қанаты күйіп, жоғалып кететін бұл жәндіктің өздігінен жойылар түрі көрінбейді. Құрғақшылықтың салдары болар. Зарарсыздындыру жұмыстары жүргізілген дейді. Бірақ оның да нәтижесін көріп отырған жұрт жоқ. 

Құлсары қаласының тұрғындарын биыл қансорғыштар әбден қажытқан. Кешкілік сыртқа шығудың өзі мұң, дейді олар. Құлсарылықтар улау жұмыстары жөнді жүргізілмейді деп наразы. Кешкісін серуендей алмай сергелдеңге түседі. 

БЛИЦ: 

- Үйде жата алмаймыз масамен арпалысып. Күндіз де бар, қазір қараңдар, маса көп. Подъезд толып тұр. Өткенде улағаны қайда? 

- Иә, маса көп. Өте көп. Масаны уламайды да ештеңе істемейді. Невозможно. 

- Подвалда су бар. Ылғал. Содан да шығады. Қанша уласаң да бәрібір. Өлгенімен түнде қайтадан толып кетеді. Білмеймін, қайдан кіретінін, үйде сетка тұр. 

- 15 күн сайын улап тұрамыз деп уәдесін беріп кетті. Енді 15 күн біткеннен кейін тағы улайды деген ойымызда бар. Күтудеміз. 

Мұндағы көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелері суға толып, салдарынан маса да көбейген. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл улау жұмыстарына 4 миллион 500 мыңнан астам қаражат бөлінген. Сондай-ақ қаланың көгалдануы да масаның көбеюіне себеп болуы мүмкін, дейді жауаптылар.

Қадыржан Адинов, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары:

- Көп пәтерлі тұрғын үйлерді масаға қарсы дезинфекция жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған болатын. Конкурс нәтижесінде мердігер мекеме анықталып, аталған жұмыстар мамыр айының 27 жұлдызында басталды. Енді екінші кезең маусымның 15-інде жалғастырылады деп күтілуде. 

Маса улау жұмыстары айына 2 рет, қарашаның соңына дейін жүргізіледі. Десе де, залалсыздандыру жұмыстарына халық наразы. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин