424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Халықаралық донор күніне орай елордада азаматтар марапатталды

  • 152
  • UPD: 21:55, 14.06.2021

Қан тапсыру да қайырымды іс. Халықаралық донор күніне орай елордада бірнеше азамат арнайы төсбелгімен марапатталды. Олар осы уақытқа дейін кем дегенде 40 мәрте қан өткізгендер.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Халықаралық донор күнінде біз де қан тапсыруға келген едік. Алайда мерекелік шараның үстінен дөп түстік. Қазір мұнда бас қаладағы тұрақты донорларды марапаттау рәсімі өтіп жатыр. 

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері тұрақты түрде қан тапсыратын бірнеше азаматтың кеудесіне арнайы төсбелгі тақты. Бүгін алғысқа бөленгендердің бірі 66 жастағы зейнеткер Эрнест Баймұханбетов. Оның донор атанғанына 12 жылдан асқан.

Эрнест Баймұханбетов, қала тұрғыны:

- Мен өз қанымды көмекке зәру адамдар үшін тапсырамын. Алғаш рет әскерде отан алдындағы борышымды өтеп жүргенде донор атандым. Содан бері үздіксіз қан тапсырамын. Орталық мамандары хабарласқанда қуана барамын. Әлі де қан тапсыруға дайынмын.       

Құрметті донорларды құттықтап болған соң біз орталыққа келгендегі ойымызды жүзеге асыруға кірістік. Ол үшін әуелі арнайы анкетаны толтырамыз. 

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Қазір коронавирус пандемиясына байланысты донорға қосымша үш сұрақ қойылады. Бұл да науқастың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан дүние. 

Бұл мәліметтің барлығы терапевт маманға жөнелтіледі. Айтпақшы, бұл күні қан тапсыруға дейін майлы, ащы, құрамында сүті бар тағам тұтынуға тыйым салынады.  

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Қан тапсырмас бұрын бірінші анализ тапсырамыз. Яғни саусақтан қан алады. Бұл қанның құрамындағы гемоглобинді білу үшін қажет. Егер қалыпты жағдайдан төмен немесе жоғары болса, сіз донор ретінде қан тапсыра алмайсыз.

- Саламатсыз ба, отыра беріңіз, саусағыңыздан қан аламыз. Қанның тобын, гемоглобинді және бауырдың көрсеткішін анықтаймыз.

Сынаманың нәтижесін бірнеше минуттан соң білеміз. Ал одан кейін терапевт маманның қабылдауына кіреміз.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Терапевттің қабылдауына кіргенше донорлардың пікірін сұрап көрейік. Ассалаумағалейкум аға, донорлар күні құтты болсын. Қан тапсырып жатырсыз ба?

– Иә. Бұрыннан тапсырасыз ба?

– Екі жылдан бері.

– Неліктен тапсырасыз?

– Біріншіден жақсылық жасағым келеді, екіншіден пайдалы, қан жаңарады. Денсаулыққа жақсы. 

Біз пікірін сұраған азаматтардың бәрі қанды өзінің емес, өзгенің қажеттілігі үшін тапсырамыз деп жауап берді. Ал азаматтар екі жағдайда донор атана алмайды екен. Шетелден келгендерге 6 айға дейін қан тапсыруға тыйым салынады. Ал жекелеген аурумен ауыратындар мүлдем шеттетіледі. 

Дулат Имашпаев, Республикалық трансфузиология орталығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Абсолютті шеттетілуге ВИЧ, мерез, туа пайда болған, жүре пайда болған гепатит аурулары, органы алынған, асқазан ішек ауруларымен ауыратындар шеттетіледі.

Осыған байланысты қан тапсыруға келгендердің денсаулығы міндетті түрде тексеріледі.

- Гемоглобин 160, бауырдың анализі 26,5, қан қысым 120/80, бәрі жақсы, енді сізге қан тапсыруға болады.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Тиісті тексерудің барлығынан өттік. Барлық анализіміз жақсы, көрсеткішіміз қалыпты. Олай болса осында келгендегі мақсатымыз – қан тапсыруға кірісеміз. Айта кетейік, бар процесс небәрі 10 минутқа жуық уақытты қажет етеді.

Бас қаладағы орталыққа күніне 120-150 донор келеді. Бұл бас қаланы қажетті мөлшердегі қанмен қамтамасыз етуге жетеді дейді мамандар. Осы тұста олар ине салдырғаннан кейін де тиісті талаптарды орындау керек екенін ескертеді.

Жарас Бибеков, қан дайындау бөлімінің меңгерушісі:

- Кем дегенде 2-4 сағаттың ішінде қолға физикалық нагрузка бермеу керек. Жұмыс істемеу керек, фитнеске бармау керек, спортпен айналыспау керек. Бір сутканың ішінде моншаға бармау керек. 

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Донор латын тілінен қазақшаға аударғанда «сыйлау» деген ұғымды білдіреді екен. Демек, сіз қан тапсырып қана қоймай, көмекке мұқтаж науқастарға үміт сыйлайсыз. БҰл ешқандай пафос емес. Мұны түсіну үшін мына бір дерекке назар аударсаңыз жеткілікті. Жыл сайын донорлардан алынатын қан 80 мың науқасқа құйылады екен.

Авторлар: Нұршапағат Несіпбаев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы