423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстік өңірлерде автогаз тапшы

  • 179
  • UPD: 22:00, 14.06.2021

Жамбыл облысы мен Шымкент қалаларында газ жетпей жатыр. Көлік жүргізушілері бірнеше күннен бері сенделіп қалды. Газ станциялары бағаны өсіргені былай тұрсын бұл отынды тек талонмен сатуға көшкен. Оның өзіне жеткізбейтін ұзын-сонар кезек. 

Жамбыл облысында автогаз тапшылығы салдарынан баға бірден өсті. 75-тен 85 теңгеге дейін қымбаттап кеткен отын қарапайым халықтың қалтасына әсер етпей қоймады. Мәселені реттеу үшін өңірге айына 5 мың тоннадан астам сұйытылған газ қажет. Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, ішкі нарықты қамтамасыз етуге Шымкент қаласындағы зауыт өнімі тасымалданады. Алайда бұл өндіріс орнында қазір жоспарлы жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондықтан аймақта автогаз жетпеуде. Мамандардың айтуынша, жағдай тұрақталған соң бағаны көтеру дерегі бойынша станциялар тексерілмек. Егер негізсіз көтергендер анықталса, жауапкершілікке тартылады.

Мәулен Қожақов, Жамбыл облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Сұйытылған мұнай газдың қажеттілігіне байланысты Ақтөбе, Атырау және Шымкент қаласындағы зауыттармен келіссөздер жүргізіліп, облысқа ішкі нарықтан бөлек қосымша жолдау бойынша келіссөздерге қол жеткізілді. Жақын күндері аталған қосымша газ көлемдері облысқа жеткізіліп бағаны тұрақтандыруға алып келеді.

Шымкенттегі жанармай бекеттерінің иелері газ тапшылығы боларын өткен аптада біліпті. Бірақ жағдайдың мұншалықты ушығып кетерін ойламадық дейді.

Мегаполисте газ тапшылығы бағаның 85 теңгеге дейін көтерілуіне әсер етті. Бұған дейін 67 теңгеден саудаланып келген сұйытылған газ көптеген бекеттерде мүлдем жоқ. Сондықтан көлік тізгіндегендер газ бар жерде сағаттап кезек күтуге мәжбүр.

Мұсахан Серікбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Бүкіл қаланы араладым. Жоқ еш жерде. Енді мына жерді күтіп оытрғаныма 1 сағат болды.

Энергетика министрлігі қазір еліміздің үш өңірінде осындай қиындық барын айтып отыр. Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарына байланысты Батыстан Шымкентке газ тасымалын тартуда. Бірақ бұл біршама уақытты алатын сыңайлы.

Дәурен Әбілхаиров, ҚР ЭМ Газ және мұнай-газ химиясы департаменті директорының орынбасары:

- Энергетика министрлігі тапшылықты болдырмау мақсатында мынадай шаралар қабылдады: зауыттарға осы аймақтар үшін сұйытылған мұнай газын жөнелтуді жылдамдатуға нұсқау берілді; ТШО-мен қосымша 2-3 мың тонна сұйытылған мұнай газын бөлу бойынша келіссөздер жүргізілді, енді жеткізуге келісім-шарттар жасалуда. ПҚОП резервтік қалдықтарынан 500 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінді. ПКОП зауытында жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жоспарланған 19 маусымның орнына жөндеу жұмыстары 14 маусымда аяқталады деп күтілуде. Осылайша қабылданған шаралар нәтижесінде жақын арада сұйытылған мұнай газын жеткізу жағдайы тұрақтанады деп күтілуде.

Шымкент мұнай өңдеу зауыты бастапқыда жөндеу жұмыстарын 19 маусымда аяқтаймыз деген. Енді ушыққан сұйытылған газ мәселесін шешу үшін зауыт мерзімінен бұрын іске қосылуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы