ТЖ кезінде жұмыс істеген дәрігерлер «СҚ-Фармация» ісі бойынша куәгерлік етті

Коронавирусты жұқтырудың бір себебі қорғаныш киімінің жетіспеушілігі болуы мүмкін.

Төтенше жағдай кезінде ауруханаларда жұмыс істеген медицина қызметкерлері куәгер ретінде СҚ «Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты сот отырысында түсініктеме берді. Бүгін соттың онлайн отырысына Нұр-Сұлтан мен Талдықорғандағы ауруханалардың қызметкерлері қосылды. Қорғаныш киімі тапшы болғандықтан әу баста мамандар оны тиісті үш сағаттан артық уақыт киген көрінеді. Сонымен бірге қолда бар киімнің өлшемге сай болмауы да ыңғайсыздық тудырған. Нәтижесінде бәрі де коронавируспен ауырды. Алайда куәгерлер вирус жұқтырудың өзге де себептерін жоққа шығармады.

Естеріңізге салсақ, Берік Шәріп лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану бойынша сотқа тартылған еді. Яғни «СҚ Фармация» қорғаныш киімін уақытылы жеткізбегендіктен медицина қызметкерлері жаппай ауруға шалдықты деген айып тағылған. Сот тергеуі жалғасып жатыр.