Елімізде картоп пен сәбіз қашан арзандайды?

Елде картоп бағасы арзандауы тиіс. Көп ұзамай ішкі нарыққа павлодарлық өнім жеткізіледі. Картоппен бірге сәбіздің де бағасы төмендейді.

Бұл елорданың көтерме сауда орыны. Таңсәріден қарбалас. Тікелей өндірушіден әкелінген өнім ең алдымен алыпсатарлардың қолына тиіп жатыр. Олар осы жерден картоп, пияз, сәбізді тонналап әкетеді. Сосын қаладағы бөлшек сауда орындарына жеткізеді.

Үмітжан Елтаев, кәсіпкер:

- Біз өзіміз сатып алушымыз, полядан сатып аламыз. Поляда 200-220-дан болып жатыр. Қазір 260-тан сатып жатырмыз. Иә, бізден осы бағада алып, қалаға апарып қосып сатады.

Картоптың келісі мұнда 270 теңге. Бір апта бұрын баға екі есе қымбат болатын. Ол кезде өндірушілерде картоп да тапшы еді. Қазір өнім бар. Түркістаннан біраз картоп жеткзілген.

БЛИЦ:

- 250 теңгеден бір пакет ғана алдым. Біздің үй жақта 350, мына жерде 250. Разница большая.

Ал сәбіздің құны әзірге аспандап тұр. Оған да ішкі нарықтағы тапшылық себеп. Сөреден тек шетелдік өнімді көресіз.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Біздегі базардағы өнімнің көбі шетелден әкелінген. Мәселен, мына сәбіз Қырғызстаннан әкелініп жатыр. Келісі 500 теңге. Осыдан-ақ қаладағы қымбатшылықты аңғара беруге болады. Себебі біз тұрған жер көтерме сауда орыны. Осы жерден делдалдар сатып алып кетеді. Қаптап. Оның үстіне тағы баға қосып, дүкендерге, яғни бөлшек сауда орындарына ұсынады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі көкөніс мәселесі таяу арада шешімін табады дейді. Елдегі шаруалар алқаптан өнімдерін жинап, көтерме сауда орындарына жеткізуі тиіс.

Сәулет Тұрсынбай, кәсіпкер:

- Сәбіз әлі шыққан жоқ. Енді бір жұмада болады. Сол кезде бағасы түседі. Уақытша қымбат еді. Картошка арзандап жатыр мысалы. 1-2 жұмада 150-ге түседі.

Жалпы биыл егіншілер біраз қиындыққа тап болды. Шығын көп.

Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департаменті директорының орынбасары:

- Биыл жағдайда барлық нәрсе қымбаттауда. Электр энергиясы, тасымалдау, тас жолдар да ақылы боп жатыр. Шығындардың көбейгені рас. Қазір алдыңғы 1-2 аптада жағдай тұрақталады деп үміттенеміз.

Жауапты мамандар алдағы апта жағдай тұрақталады деп сендірді. Тапшылық тек маусымдық жағдай. Көп ұзамай солтүстік өңірлердің де өнімі келіп жетеді. Сондықтан картоп бағасы 150 теңгеге дейін арзандауы тиіс.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Нұрғали Мамырбаев