Балқашта вакцина алғандарға сертификат берілді

Қарағанды облысының Балқаш қаласында екпе алған зейнеткерлерге 5 мың теңгенің сертификаты берілді. Жергілікті билік ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін тұрғындарды осылайша ынталандыруда. Ал қажетті қаржыны шаһардағы кәсіпкерлер жинап берген. 

Балқаш қаласының тұрғыны Майраш Тұяқбаева екпе алуға ең алғаш келгендердің бірі. Жақын-жуығы жаппай қатерлі індеттің құрығына іліккен соң вакцина салдыруға шешім қабылдаған. Оның үстіне бұл күні зейнеткерге 5 мың теңгенің сертификаты берілді. Енді оған қаладағы дүкеннен азық-түлік алуға болады.

Майраш Тұяқбаева, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Бірінші рет келіп тұрмын. Коронавирусқа қарсы «Спутник» вакцинасын алуға. Алдым вакцинаны денсаулығыма қарата. Бұның алдында туыстарым ауырды коронавируспен. Біздерге сертификат берді.

70 мыңнан астам тұрғыны бар Балқаш қаласында қазіргі күні 2800 зейнеткер болса, әзірге соның 143-і екпе алған. Дәрігерлердің айтуынша, денсаулығына байланысты шағым айтқан ешкім жоқ. Керісінше белсенділік байқалады дейді. Ал қарияларды қаржылай қолдауға жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасаған.

Раулан Қозғамбаев, компанияның бас директоры:

- Қалада өтіп жатқан «Коронавирусты бірге тоқтатайық» шарасына біз де үн қосуды жөн санадық. Қарияларымызды қорғау үшін қажетті қаражатты бөліп отырмыз. Бұл бастамамызды өңірдегі өзге де кәсіпорындар қолдайды дегенге сенеміз. Біріксек алынбайтын қамал жоқ.

Қазіргі таңда облыс бойынша екпе кабинеттерінің саны 115. Ал шалғай ауылдар мен қоғамдық орындарды жылжымалы вакциналау пункттері аралап жүр. Осы күнге дейін 178 мың адам екпенің бірінші, ал 123 мыңнан астамы екінші компонентін алып үлгірген.

Авторлар: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Сондай-ақ...