424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскеменде қоқыс шығару тарифі өсуі мүмкін

  • 137
  • UPD: 23:27, 14.06.2021

Өскеменде қоқыс шығаруға қатысты тариф өсуі мүмкін. Қазір адам басына ай сайын 211 теңге төлесе, енді 394 теңге болуы мүмкін. Коммуналдық мекеме ұсынған бұл тарифтік жоба бекітілсе қызметтің түрі 87 процентке бір көтерілмек.

Әзірше қоқысқа қатысты тариф тек қоғамдық кеңестің талқысына түсіп, қолдау тапқан. Енді бұл мәселені қалалық маслихаттың депутаттары сессияда қарайды. Ал тұрғындардың қызмет сапасына көңілі толмай отыр.

Қазір өскемендіктер қоқыс қызметі үшін 211 теңге төлеп отыр. Бұл тариф 10 жыл бұрын бекітілген. Тек былтыр президенттің пәрменімен 5 процентке төмендеген. Жалпы қаланың қоқысын қазір екі компания шығарады. Осы екі кәсіпорын тарифті бірден 87 процентке көтеруді ұсынған. Эколог Елена Абилова қаладағы қоқыс шығару мәселесі тарифке тіреліп тұрмағын айтады. Өйткені қызмет ақысы қанша көтерілгенмен ұйымдастыру дұрыс жолға қойылмай жұмыс алға баспайды.

Елена Березинская-Абилова, ECOJER экологиялық бастамалар қауымдастығының облыстық филиалының жетекшісі:

- Қоқысты шығаратын компанияларда қазір маркетингтік стратегия жоқ. Сондықтан тариф көтерілсе қызмет сапасы жақсарды деп, мақсаттарына қол жеткізе алмайды. Тарифті өсіруді сұрағанымен ары қарай дамудың стратегиялық жоспары жоқ. Бірден 87 процентке яғни 394 теңгеге көтеру деген аз ақша емес.

Аз ақша емес екенін халық та, ұлық та біледі. Соңғы бірнеше жылда қаланың сыртын айтпағанда ішіндегі қоқысты шығару күн санап проблемаға айналып барады. Тіпті орталық көшелердегі контейнерлер айлап тазаланбайды. Мәселенің жауыр болғаны соншалық айтыс ақындары әкімдікке құлаққағыс етіп жыр да арнады.

- Болады бұл жағдайға шыдау қанша? 

Қоқысқа толып жатыр көше біткен. 

Ала таңнан кеш батып түн ауғанша. 

Тазалыққа мән бермей жатқандығын, 

Әкімдік аңғармай ма бір аңғарса?

Әкімдік аңғарғанымен қоқысты шығаруға жауапты қос мекемеде техникалық дәрмен аз. Сондықтан ақысын көтеру арқылы жағдайды оңалтпақ. Тарифке қатысты жоба тек қаланың қоғамдық кеңесінде талқыланды.

Инесса Чернышова, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы:

- Қазіргі тариф 2011 жылы қабылданған. Ол кездегімен бүгінгі жағдай мүлде сәйкеспейді. Оған қоса бір пәтерде қанша адам тұратыны да белгісіз. 2 адам тіркеуде болып, шын мәнінде 4-5 адам тұруы мүмкін. Бұл әрине қызмет сапасына әсер етеді.

Тариф өссе де қызмет сапасы жақсарып кетеді дегенге әзірге кепілдік жоқ. Бірақ оған қарамастан қоғамдық кеңес мүшелері қызмет ақысын көтеру туралы ұсынысты қолдап отыр. Енді қалалық маслихат депутаттарының талқысына түседі. Ал полигондағы қоқыс та асып, төгіліп жатыр. 

Олжас Керейхан, тілші:

- Қаланың орталық полигонындағы қоқыстың көлемі қазір 6 мың тоннадан баяғыда асып кеткен. Осы салаға жауапты коммуналдық мекеме қызметкерлерінің айтуынша, күніне бұл жерге 100-ге жуық машина қоқыс әкелінеді. Ал жел соққан күндері бұл жер ақ шаң болып, аспанға ұшқан салафаннан көрінбей кетеді.

Полигонды жауып, қоқыс өңдеу зауытын салу мәселесі соңғы 10 жылдан бері айтылып келеді. Бірақ іс әлі нақты шешімін таппай отыр.

Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы