Алматыда былтырғы қарашада егілген ағаштар қурап жатыр

Алматыда өткен жылы қарашада егілген талдар шетінен қурап жатыр. Мұндай көріністі қаланың әр аумағынан байқауға болады. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде жазып, тиісті мекемелерден жауап сұраған. Ал Жасыл экономика басқармасы болса қураған көшеттерді жаңасына алмастырамыз дегенді айтады.

Шевченко мен Әуезов көшесінің қиылысындағы мына талдар былтыр күзде отырғызылған. Алайда бір жылға жетпей қурап жатыр. Мұндай көріністі қаланың өзге аудандарынан да көруге болады. Себебі қарашада жерсіндірілген көшеттер уақытылы суарылмайды, дейді алматылықтар. Тіпті тіршілік нәрін қанып ішпегендіктен көп жылғы үлкен ағаштар да сарғылт тарта бастаған.

БЛИЦ: 

- Жас талдарға қарамайды, суармайды, биыл жаңбыр жоқ, көңіл аудармайды, қурап жатыр. Әсем Алматы қаласында дұрыстап қарамайды, көңіл аудармайды. Мен қалада көшеде көп байқап қаламын қураған талдарды.

- Алматы өте әсем қала, осылай болып қала бергенін қалаймыз. Ал талдарды отырғызған соң қуратып қоймай, уақытымен баптап, суарып отыру керек.

- Талдарды суарып, қарай алмаса, оны неге отырғызады. Қураған соң жаңадан отырғызу үшін ба?

Қалалық Жасыл экономика басқармасының мәліметінше, өткен жылы 65 мың ағаш отырғызылған. Биыл көктемде тағы 50 мың тал егіліпті. Жыл соңына дейін жалпы 350 мың ағаш отырғызылады. Жасыл желектер орта есеппен аптасына бір рет суарылып отырады екен. Суарумен 100-ден астам жұмысшы айналысады. 40-тан аса техника тартылған. «Басқармадағылар судан тапшылық жоқ» дейді.

Олардың пікірінше, жас көшеттердің ерте солуына судан басқа да факторлар әсер етуі мүмкін.

Нұркен Ақмырза, жасыл экономика басқармасы жасыл қорды басқару және мониторинг бөлімінің бас маманы:

- Өткен жылы егілген талдардың қурап қалуына әртүрлі жағдай әсер етуі мүмкін. Ол көшеттердің орнына осы күзде жаңадан жас талдар отырғызылады. Көшенің бойындағы шіріген ағаштар мен қураған талдарды аудан әкімдіктері қайта егетін болады. Ауаның ластануы да ағаштардың қурап кетуіне әсер етуде. 

Жасыл экономика басқармасының өкілдері жыл сайын көшет егуге қала бюджетінен қанша қаражат бөлінетінін айтпады. Тау етегінде орналасқан Алматы үшін ағаштың маңызы ерекше. Қалада адам санынан ағаш саны аз. Қазір мұнда 2 миллионнан астам жасыл желек бар. Оның жарты миллионға жуығы күтіп, баптауды талап етеді, ал 80 мыңға жуығы апатты жағдайда.

Аршын Кемелжан, Эдуард Кон