424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысындағы Қауық ауылында ауыз су жоқ

  • 259
  • UPD: 09:42, 15.06.2021

Жаңақорған ауданында әлі күнге дейін суды сырттан таситын ауылдар бар.

Орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған 16 елді мекенді айтпағанда, аудан орталығының өзінде бұл мәселе толық шешілмеген.

Қауық елді мекенінің тұрғындары ауыз суды 3-4 шақырым жердегі Аққұм ауылынан тасиды. Көлігі барлар 4-5 бөшкені толтырып бір-ақ әкелгенімен, 2 күннен артылмайды. Ал құдық суы кермектеніп кеткен. Оны тек егінді суаруға пайдаланады.

Сабырхан Божбанбаев, Қауық ауылының тұрғыны:

– Кермек сумен ыдыс-аяқты, ондай-мұндайды жуып отырады. Осы жақын су көздерінен тасып жүрдік. Негізі ауыз суға ғана пайдаланып отырдық. Сондай қиыншылықтан жастар кетіп жатыр. Ауыз су болмады, жол болмады.

Қауықтың іргесі жарты ғасыр бұрын қаланған. Кезінде ірі қара өсіріп, жүгері еккен ауылда 50-ге тарта үй болыпты. Қазір небәрі 7 отбасы мал бағып отыр. Іргедегі ауылдарға су құбыры тартылғанмен, шалғай жатқан осы 7 үй тағы шет қалған.  Өйткені елді мекен мәртебесі болмағасын мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы бөлінбейді. Сондықтан жергілікті билік демеушілерден көмек сұрапты. Осылайша ауылға 4 шақырым су құбыры тартылатын болды. Бұл жұмыстар бүгінгі күні басталып кетті. Одан бөлек, орталықтандырылған су жүйесіне қосылуды күтіп отқан Сыр беткейдегі 16 елді мекен бар.

Руслан Рүстемов, Жаңақорған ауданының әкімі:

– Жалпы ауданда «Талап-Сырдария» топтық су құбырының құрылысы жүруде. Бас су тоғанының құрылысы аяқталуға жақын. Тау беткейдегі ауылдардың барлығына қазір ауыз су жеткізілген. Енді мына Сыр беткейдегі 16 елді мекенге осы су желісін биылғы жылдың аяғына дейін жеткізіп, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Облыс бойынша ауыз су желісі мәселесі шешілмеген жалғыз аудан орталығына 464 миллион теңге бөлініп, кент ішіне 93 шақырым құбыр тарту жұмыстары өткен жылы басталған еді. Талай жыл жыр болған Жаңақорған кентіне де биыл су жүйесін тарту жұмыстары толық аяқталады деп күтілуде.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы