Бүгін қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туған күні

Осыған орай оның туған жері Ақтөбе облысы, Қобда ауданында бірқатар шара өтеді.

Кіндік қаны тамған Бұлақ ауылында батыр есімін ұлықтауға арналған музей салынып жатыр. Енді өңірге келген туристер қайсар қыз туралы мол мағлұмат ала алады.

90 шаршы метр аумақта салынып жатқан нысан бірнеше шағын бөлме мен екі үлкен залдан тұрады. Оның бірінде Әлия Молдағұлованың балалық шағы, Ленинградта оқып жүрген кездегі жазған хаттары мен майдандағы суреттері ілінсе, екіншісі коворкинг орталық іспетті болмақ. Онда соғыс кезіндегі әскер басылар отыратын орын жасақталмақ.

Бағдаш Төпенова, «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры:

– Бұл жерге қонақтар өте көп келеді. Тек қана қазақстандықтар емес,  Ресей жерінен де келеді. Сол келген қонақтар алдымен батырдың туған жерін көргісі келеді. Сондықтан туған жеріне музейі әрине қажет.

Музей үйі осы ауылда жергілікті кәсіпкердің қолдауымен бой көтеріп жатыр. Ал құрылысқа жергілікті тұрғындар тартылған. Қазірдің өзінде қабырғасы қаланып, төбесі жабылды. Қажетті материалдар уақытылы жеткізілгендіктен істе іркілу жоқ. Шамамен бірер айда толық аяқтап, пайдалануға беру көзделген.

Қобыланды Нұрышев, құрылысшы:

Мұражай салып жатқанымыз мамыр айының 20-да басталды. Енді тезірек бітіруге тырысамыз.  Осы ауылдың жігіттері келіп бәріміз салып жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен құрмет. Себебі Әлия апамыз біздің жерлесіміз. Оны мақтан тұтамыз біз.

Екінші дүниежүзілік соғыста сұр мергендігімен талай жаудың көзін жойып, ерлікпен қаза тапқан батыр қыз 1925 жылы осы ауылда дүниеге келген. 8 жасында анасы қайтыс болған соң нағашысының тәрбиесіне өтіп, одан кейінгі өмірі Ресей жерінде өтті.

Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туған жері Бұлақ ауылында музей үйін ашу туралы бастама былтыр көтерілген. Идея ауданның белсенді азаматтары мен жергілікті тұрғындардың тарапынан түскен. Себебі даңқты тұлғаның кіндік қаны тамған жерге келушілердің қатары жыл санап артып отыр. Олардың арасында ел азаматтарынан өзге туристер де бар.

Тұрғындар жаңа нысанның ашылатынына риза. Ал, батырдың есімімен аталатын көрші ауылда биыл бірнеше көшеге түңгі шамдар ілініп, жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.