424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үкімет экологияны жақсарту мәселелерін қарады

  • 124
  • UPD: 10:15, 15.06.2021
Үкімет экологияны жақсарту мәселелерін қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экологияны жақсарту мәселелері қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

«Nur Otan» партиясының бағдарламасын орындау аясында 2 млрд ағаш отырғызу, еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыру, 6 қоқыс өңдеу зауытын салу жобаларын іске асыруды бастау және т. б. бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Көлік құралдары шығарындыларының атмосфераға әсерін төмендету үшін қоғамдық көлікті газға ауыстыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр, электр көлігінің санын ұлғайту ынталандырылуда. Қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге және жалпы алғанда, ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жүйелі экологиялық проблемаларды шешу мақсатында үздік әлемдік практикаларды ескере отырып, жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, оның элементтерінің бірі — ірі өндірістерде озық технологияларды енгізу.

Жергілікті атқарушы органдар жұртшылықпен бірлесіп, қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге, көгалдандыруға, «тарихи» ластануларды жоюға бағытталған Жол карталарын әзірлеп, бекітті. Премьер-Министр автопаркті жаңарту бойынша кешенді шараларды одан әрі іске асыруды, отын сапасы мен шығарындылар көлеміне бақылауды күшейтуді, электр көлігі санының өсуін ынталандыруды тапсырды. Үкімет басшысы жақында электромобильдерге кәдеге жарату алымын алып тастауды мысалға келтірді.

А.Мамин Экологияны жақсарту бойынша өңірлік жол карталарын, әсіресе, биыл іс-шаралардың жартысынан азы орындалған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына орындауды жандандыру қажет екенін атап өтті. Үкімет басшысы атмосфераға шығарындыларды азайту мақсатында өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін ең озық қолжетімді технологиялар бойынша анықтамалықтарды уақытылы әзірлеуді тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Экология, геология және табиғи ресурстар, сондай-ақ Қаржы министрліктерімен бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың үлгілік жобасын әзірлеу, әкімдіктермен бірлесіп, әрекет етіп тұрған заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес құрылыс полигондарын құру мәселесін пысықтау тапсырылды.

Премьер-Министр сондай-ақ кәріз-тазарту құрылыстарын санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Үкімет басшысы әкімдерге ағаш отырғызу жоспарларының орындалуын, көшет материалын өсіру үшін тәлімбақтар мен орман шаруашылықтарының жай-күйін ерекше бақылауға алуды тапсырды. А. Мамин өнеркәсіптік кәсіпорындардың, ЖЭО-ның, автокөліктің атмосфераға шығарындыларына бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне автокөлікті техникалық бақылау станцияларының жауапкершілігін күшейту тапсырылды.

Хабар 24 телеарнасы